#qyzylordatv
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Alpecon Group» компаниясы өкілдері Самат Балабеков, Ержан Ибраимов, Нармұхан Сарыбаевпен кездесті. Кездесуде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Инвесторлар Жаңақорған ауданының Бесарық ауылындағы «ATMO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытын сатып алып, оның базасында қызанақ пастасын шығаруға қызығушылық танытып отыр.
Яғни, 2,3 млрд теңге инвестиция құйып, технологиялық жабдықтарды жаңғырту, өндірістік және қосалқы нысандарды жөндеу, арнайы техника сатып алу жоспарланған. Бұл тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдеуге жол ашады. Шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін 2 300 гектар суармалы егіс алқабын игеру, көршілес Түркістан облысынан сатып алу да көзделіп отыр.
Осы орайда аймақ басшысы инвесторлдарды қолдайтынын айтып, қажетті жер учаскесін ұсынуға, барлық кезеңде әкімшілік және инфрақұрылымдық сүйемелдеуге дайын екенін жеткізді. «Өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар инвестициялық бастамаға жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.