Негізгі Жаңалықтар Сайлау учаскелері дайындығын пысықтауда

Сайлау учаскелері дайындығын пысықтауда

#qyzylordatv 

Сыр өңіріндегі ең шалғай сайлау учаскесі Құланды елді мекенінде. Ол облыс орталығынан 800 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Қазір теңіз төскейіндегі сайлау учаскелері дайындыққа келтіріліп, комиссия мүшелері арнайы оқудан өтуде. Тілші бейнематериалында толығырақ.


 Арал ауданы аумағында 56 сайлау учаскесі бар. Оның біреуі – аудандық көпбейінді ауруханадағы жабық учаске болса, қалғандары Арал қаласы мен елді мекендерде орналасқан. Солардың ең шалғайы аудан орталығынан 350 шақырым қашықтықтағы Құланды елді мекенінде. Қазір барлық сайлау учаскесі дайындыққа келтіріліп, комиссия мүшелері білімін жетілдірген.


 Арал қаласындағы жайлы мектеп ғимаратында орналасқан №46 учаскелік сайлау комиссиясында 1600-ден астам сайлаушы тіркелген. Дауыс беру кабиналары талапқа сай жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы жолақтар сызылған. Көру, есту қабілеті бұзылған дауыс берушілер үшін көмекші құралдар қарастырылып отыр. 


Сайлау күні өз учаскесін білмей келген дауыс берушілерге нақты бағыт сілтеп, көмек беру үшін цифрлық сервистер мен арнайы ақпараттық жүйелер қолданылады. Бұл ретте азаматтар өзінің дауыс беретін жерін платформалар арқылы бірнеше секундта анықтай алады. Ол үшін айти мамандары да жұмыс істейді. Жалпы комиссия өкілдері «дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр»,- дейді. 


Бөлісу