Негізгі Жаңалықтар Құрылысшылар күні тойланды

Құрылысшылар күні тойланды

#qyzylordatv 

Тамыздың екінші жексенбісі ¬ еліміздегі құрылысшылар үшін ерекше күн. Құрышқол мамандық иелері бұл күні өздерінің кәсіби мерекелерін тойлайды. Жылдағы дәстүрге сай биыл да мерейлі мереке дүркіреп өтті. «Өнер» орталығында ұйымдастырылған шарада сала үздіктеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.    


Құрылыс индустриясы экономиканың қозғаушы күші. Осы қағидамен қарағанда, Сыр өңірінің көші көрікті. Аймақта соңғы 4 жылда 270-тен астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Әсіресе, ауыл-аймақтағы денсаулық, мәдениет, спорт саласындағы нысандар едәуір жаңаланды. Облыс орталығы да заманауи көрікке енгені рас. Ең бастысы бұл бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын қарқын алып жатыр.    


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ  

 Қызылорда қаласында 2 жаңа ірі жобаның құрылысы бастау алады. Олар 200 орындық перинаталдық орталық пен сол жағалауда 500 келушіге арналған емхана құрылысы. Мемлекет басшысының ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес қаламызда тәулік бойы жұмыс жасайтын заманауи кітапхана мен жаңа драма театр құрылысы басталды 


 Бүгінде, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста 177 млрд теңгеге 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде сол жағалауда салынып жатқан көпбейінді аурухана, Титов қыстағында бой көтерген емхана және «Қызылорда арена» секілді ауқымды жобалар биыл аяқталмақ. Сырдың сәулеті мен сәні артып, дәулетінің еселенуіне құрыш қолды құрылысшылардың қосқан еңбегі зор. Сондықтан, кәсіби мерекеде сала үздіктеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінен бастап, премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың алғыс хатына дейін табысталды.


  Жалпы биыл аймақта 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Тиісінше, құрылыс қарқыны бойынша барлық аймақтың ішінде Сыр өңірі Ұлытау облысынан кейін екінші орынға тұрақтап отыр. Әрине, шартарапқа шырай берген нысандарда құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Соның ішінде ерлермен бірге иық тіресіп еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің орны ерекше.


 Мерекелік шарада эстрада әншісі Айгерім Қалаубаева және Сыр өнерпаздары әннен шашу шашты.


Бөлісу