«Ауыл аманаты»: Мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұсы қайсы?
#qyzylordatv
Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындардың тұрмыстық деңгейін арттыру мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Жалпы, жобаның тиімді тұсы қайсы? Жеңілдетілген несие кімге және қандай кәсіп түріне беріледі? Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлердің жұмысымен танысып кеген тілшіміз Әкімжан Жолтаев айтып береді.
Қазалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 235 жоба қолдау тауып, қаржыландырылды. Нәтижесінде кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұсы – бизнеске бет бұрған азаматтарға үлкен қолдау болып отыр. Яғни, несие 2,5 пайызбен беріледі және кәсіпкер алғашқы алты ай көлемінде несие төлеуден босатылады.
ӘЛІБИ ӘБИЕВ, ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ
Жалпы, бағдарлама халыққа өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл сайын қатысушылар саны артып, кәсіпкерлікті дамытуға басым бағыт беріліп отыр. Мем.бағдарламаға сәйкес кентте 2023 жылдан бастап 87 жоба жүзеге асуда....
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауданда жылыжай шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бүгінде Қазалыда жалпы аумағы 1200 шаршы метр болатын 9 жылыжай жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпті меңгергендердің бірі - Мейрамбек Кеулімжаев. Әйтеке би кентінің тұрғыны жеңілдетілген пайызбен 9 млн.теңге көлемінде қаржы алып, бизнес бастапты. Қазір шаруасы ширақ, тірлігі өрге басып аудан тұрғындарын қиярмен қамтып отыр.
МЕЙРАМБЕК КЕУЛІМЖАЕВ, КӘСІПКЕР
Ауыл аманаты өте тиімді екен, пайызы аз екен. Әсіресе мен сияқты енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін тиімді....
Айбек Сағидуллаев та мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, кәсібін ұлғайтқан. 2,5 пайызбен 7 миллион теңге несие алған ол жаңа ғимарат салып, фаст-фуд орталығын ашыпты. Яғни, жылдам даярланатын тағамдар әзірлеп, халыққа қызмет көрсетіп отыр.
АЙБЕК САҒИДУЛЛАЕВ, КӘСІПКЕР
Бұл мемлекетіміздің кәсіпкерлерге көрсетіп отырған үлкен қолдауы десем болады. Кәсіпті ұлғайту мақсатында осы несиені алдық, қазір сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмын....
Қазалыда кәсіп иелерін қолдау, халықтың әл ауқатын жақсарту мақсатында Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Жалаңтөс батыр ауылында арнайы өндірістік орталықтар құрылған. Мұнда жиырмаға жуық кәсіпкер өз өнімдерін шығарып, тұрғындарға тиімді бағада босатуда.