Аударыспақ: Қазақстан құрамасы екі алтын, бір күміс медаль жеңіп алды
#qyzylordatv
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан екі алтын, бір күміс медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары. 80 келіде сынға түскен тағы бір отандасымыз Расул Құрайыш қырғыз спортшысына есе жіберіп, дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанса, таяқ тартудан спортшы Нұрсұлтан Есімбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3-орын иеленді.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында Қызылорда облысынан үш спортшы өнер көрсетіп жатыр. Исраил Алтынай Қазақстан атынан жамбы атудан сынға түссе, жерлестеріміз Алмат Жүнісов пен Нұрлыбек Асқаров көкпардан ел намысын қорғауда.