Негізгі Жаңалықтар ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты

ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты

#qyzylordatv 

Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяды. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның экономикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын жеткізді. Президент Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында бірқатар маңызды ұсыныс айтты. Мәселен, ұйымның Даму банкін құру туралы бастамаға қолдау білдіріп, оның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын іске қосып, жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұл бастамалар ұйым аясындағы сауда мен инвестицияны қалай жандандырады? Бішкектегі басқосуда Мемлекет басшысы тағы қандай бастамалар көтерді? 


 Иә, қазір әлем назары Бішкекке ауып отыр. Алатау бөктеріндегі басқосуға 18 елдің басшылары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған 7 халықаралық құрылымның жетекшілері жиналған. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Саммит қарсаңында әуежайдан бастап шаһардағы негізгі нысандар жөнделіп, қала көркейе түскен. 


 Ауқымды жиынға арнайы Орталық Азиядағы ең ірі конгресс нысанның бірі - «Ырыс-Ордо» салынды. Аумағы 39 мың шаршы метр. Бір мезетте 2 мыңнан астам қонақты қабылдай алады. Алғашқы меймандардың қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бар. 


 ШЫҰ қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3 жарым млрд-қа жуық адам тұратын ауқымды нарық.Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың үштен бірі, сауда айналымының 15 пайызы тиесілі. Мемлекет басшысы ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы табысты әрі ықпалды бола түскенін атап өтті. 


 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  

Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі


 Иә, ұйымның басты күші «Шанхай рухы» қағидатына негізделген. Оның өзегінде өзара сенім, теңдік, құрмет және ортақ мүдде жатыр. 



 ЯҢ ШЫҢШИ - САЯСИ ШОЛУШЫ 

Қазір әлемдегі саяси күштердің арақатынасы өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде ШЫҰ халықаралық деңгейдегі ықпалын күшейтуге ұмтылып отыр.Ұйымда барлық шешім консенсус негізінде қабылданады. Бір мемлекеттің ұстанымы өзгелерге міндеттелмеуі тиіс. Сондықтан ШЫҰ сияқты алаңдардың әлемдік саясаттағы маңызы алдағы уақытта арта түседі деп ойлаймын./

Бөлісу