Негізгі Жаңалықтар Қ.Әбенов атындағы шеберлік зертханасы ашылды

Қ.Әбенов атындағы шеберлік зертханасы ашылды

#qyzylordatv 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сыр журналистикасының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Қалқабай Әбенов атындағы журналистік шеберлік зертхана ашылды.


 Қалқабай Әбенов – қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан тұлға. 1956 жылдан бастап қаламгердің өмір жолы журналистикамен тығыз байланысады. Алдымен Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетіне басшылық етті. 1968 жылы облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінің редакторы болып тағайындалып, басылымды он жеті жыл басқарды. Осы уақыт аралығында газеттің мазмұндық сапасы жаңарып, таралымы 40 000-ға дейін жетті. Қалқабай Әбеновтің басшылығымен Сыр өңірінің тыныс-тіршілігі, көптің мұң-мұқтажы, ұсыныс-пікірі басылым арқылы оқырманға жол тартты. Ал газет редакциясы қарымды қаламгерлердің мектебіне айналды.


НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОРЫ

 Қалқабай Әбеновтің университетімізбен байланысы айрықша. Майданнан туған елге оралғаннан кейін ол ағарту саласында еңбек етіп, білімін жетілдіруді жалғастырды. Бүгінгі университетіміздің арғы бастауында тұрған Қызылорда педагогикалық институтының сырттай бөлімінде оқып, 1951 жылы жоғары білім алды. Ұстаздық пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген азамат осы қарашаңырақта білімін толықтырып, кейін елдік деңгейдегі үлкен істерге жол тартты. Арада жетпіс бес жыл өткенде оның есімі өзі білім алған оқу орнының төріне қайта оралып отыр.


Жаңа зертхана Қалқабай Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қорының демеушілігімен ашылды. Салтанатты шарада оқу орнының стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Қанат Әбенов «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды.


РУСЛАН КАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Жас журналистерді дайындайтын Қ.Әбенов секілді ұлы тұлғалардың еңбек жолын ұлықтайтын керемет осындай шеберханалық дәрісхананың ашылуы бүгінге ол, болашаққа үлкен мұра деп білеміз. Барша, студенттер сіздерді құттықтағым келеді.Себебі бұл сіздерге жасалып жатқан жағдай.


 Қалқабай Әбенов – журналистер мен жазушылардың шығармашылығына бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен тұлға. Бүгінде қаламгердің өнегелі ісін ұрпақтары жалғастырып келеді. 


 ҚОЖАХМЕТ МЫРЗАЕВ – Қ.ӘБЕНОВ АТЫНДАҒЫ «СЫР ЖУРНАЛИСТИКАСЫ» ҚОРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ

Бүгінде Қ.Әбенов атында «Сыр журналистикасы» қоры жұмыс істеп жатыр. Жылда сол Қ.Әбеновтің ісін жалғастыру мақсатында журналистер арасында байқаулар ұйымдастырып келеміз. Биыл да октябрь айында өткізу қалыптасқан біз үшін.


 Қалқабай Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоры дәрісхана ашумен қатар биыл қызылордалық студенттер арасында шығармашылық байқауды да ұйымдастырады. Байқау ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында өткізілмек. 

Атап өту керек, жаңа зертхана студенттердің тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдайтын шығармашылық ортасына айналмақ. Мұнда бір мезетте 30 студент білім ала алады.


Бөлісу