«QYZYLORDA EXPEDITION. Өшкен өркениеттер ізімен» жобасының үшінші маусымы басталды
#qyzylordatv
«Qyzylorda» телеарнасының авторлық жобасы «QYZYLORDA EXPEDITION. Өшкен өркениеттер ізімен» деректі фильмдер сериясының жаңа маусымы басталды. Түсірілім тобы бұл жолы бір емес, бірнеше көне шаһардың аумағына барып, тамырлы тарихымыздың жауһарлы жәдігерлерін елге ұсынады.
Тарихымыздан сыр тартқан «Қызылорда экспедишн» жобасының эфирге жол тартқанына осымен үшінші жыл. Осы аралықта жоба жиһангездері көне шаһарларға ат шалдырып, ежелгі өркениетіміз туралы жаңа деректерді елге ұсынды. Олардың ішіндегі ең негізгілері – Сығанақ, Сауысқандық, Сауран, Жетіасар жазирасы. Сондай-ақ, Қызылқұмның құндағында жатқан Шірік – Рабат мәдениетіне тиесілі бірнеше қаланың орнына барып, сан ғасырлық тарихымызды боямасыз көрсетті.
БЕКЗАТ ЕСҚАЛИЕВ – «QYZYLORDA EXPEDITION. ӨШКЕН ӨРКЕНИЕТТЕР ІЗІМЕН» ЖОБАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ
Қазақта «өсер ел өткенін ұмытпайды» деген керемет тәмсіл бар. Біз осы тәмсілге сүйене отырып биыл «Qyzylorda expedition. Өшкен өркениеттер ізімен» жобасының үшінші маусымын бастағалы отырмыз. Жалпы бұл маусымда біз Сақтар салтанат құрған Сеңгіртам кешенін және де Алтын Орда мәдениетінің алтын діңгегіне айналған Сырлытам, сонымен қатар Асанас қалаларын, Баршынкент қалаларын, кезіндегі Қазақ хандығының тұсында қабырғалы елдің үлкен бір мәдени бөлігіне айналған Ор қала, Орынбай қала атты көне қалаларды көпшілікке көрсетпек ойымыз бар.
Иә, бұл жолы да жобаның түсірілім тобы мыңдаған шақырымды артқа тастап, ежелгі қалалардың орнын көзбен көріп, тың деректерді елге ұсынады. Экспедиция құрамында журналист, операторлардан бөлек, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшылары, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің білікті мамандары бар. Сыр өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог, ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың шәкірттерімен бірге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев те экспедицияға атсалысады.
НҰРБЕК ӘМИША – «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қызылорда телеарнасының авторлық жобасы экспедициялық формат деп аталады. Әлемдік трендтерде бар, National Geographic сияқты, Discovery сияқты алып медиа арналардан көрсетілетін жобалардың аналогы деп айтсақ болатын шығар. Басталғанына 3 жылдай уқаыт болды. Саураннан бастап Аралға дейінгі Сыр бойындағы үлкен қалалардың 90 пайызын қамтыдық деп ойлаймыз. Оның ішінде қалалар көп жердің астында қалып қойған, бұл ғалымдар зерттеген осындай нысандарды біршама қамтыдық. Бұл формат жақсы деп ойлаймыз. Жеке-жеке зерттеліп жатқан шығар. Бірақ археологтармен бірге бір экспедицияның құрамында Қызылорда телеарнасының авторлық жобасы ретінде архивте қалсын деген мақсатпен жасап жатырмыз.
«QYZYLORDA EXPEDITION. Өшкен өркениеттер ізімен» деректі фильмдер сериясы былтыр Түркияның «TRT Avaz» телеарнасының эфирінен де көрсетілді. Құндылығы жоғары, салмақты жобаға түрік ағайындардың қызығушылық танытуы бекер емес. Деректі фильмдер тұтас түркі жұртының тарихын баяндайды. Айта кету керек, кәсіби білікті мамандар бірлесуімен жүзеге асқан жоба өткен жылы республикалық «AMANAT медиа сыйлығының» «Аймақ туралы үздік материал» номинациясын иеленген болатын. Әлем елдеріне жол тартқан жобаның биылғы маусымы да тың жаңалыққа толы болмақ.