Білім күні: Аймақта 18 мыңға жуық оқушы 1 сыныпқа барды
#qyzylordatv
Бүгін еліміздің барлық мектебінде жаңа оқу жылы басталды. 1 қыркүйектен бастап Сыр өңіріндегі мектептерде 190 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 17 700 бүлдіршін мектеп табылдырығын алғаш рет аттады. Тақырыпты жаңа оқу жылын білім ордасында қарсы алған тілшіміз жалғастырады.
Иә, бүгін мектеп ауласы қайтадан баланың шат күлкісіне толды. Қолдарына гүлін ұстап, бірі алғаш рет мектепке қадам басса, енді бірі сағынып жеткен сыныбына асықты. Серғали Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технология мектеп-лицейінде де білім күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Биыл білім ордасының бірінші сыныбына 223 шәкірт қабылданған. Жалпы мектепте 2 мыңнан астам оқушы білім алатын болады. Ал алғаш рет мектеп партасына отырған бүлдіршіндер үшін «Адал азамат» тақырыбында сынып сағаты өткізілді.
Жаңа оқу жылымен бірге білім жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бүгіннен бастап бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тоқтатылды. Енді балалар диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар орындайтын болады.
АМАНҒАЛИ ЖАҚСАТҰЛЫ – С.ТОЛЫБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №3 АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2026 жылдың басты саяси оқиғасы жаңа Констиуцияның қабылдануына байланысты мектептегі оқу процесіне әсер етті. Оған бірінші себеп жаңадан пәндер енгізілді. Ол пәндердің аты – «Конституция негіздері» 5,6,7-сыныптарға, сосын «Заң мен тәртіп» деген, ол 8,9,10,11 сыныптарда оқытылады. Ерекшелегі оқушылар Конституция негіздері туралы, қоғамдағы тәртіп, мемлекет туралы білім алады. Сонымен қатар әр оқушының қауіпсіздігі басты орында болғанннан кейін 11 сыныпқа дейін «Жеке қауіпсіздік» сабағы енгізіліп отыр
Оқушылардың білім алуымен қатар, қауіпсіздігі де басты назарда. Аймақта бастауыш сыныптар арасында жолдағы қауіпсіздік мәселесіне байланысты арнайы сабақ та өткізіліп жатыр.
ЕРДӘУЛЕТ ЖАУКЕЕВ – ОПД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Білім күніне орай облыс көлеміндегі оқу орындарында Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі іс шараларына 600-ге жуық қызметкер бөлініп, 126 автокөлікпен қызмет атқаруда. Балалардың қауіпсіздігі, жолдағы қауіпсіздігі басты назарымызда. Білім күні қарсаңында полиция қызметкерлері әрбір білім беру ошақтарының маңында қауіпсіздік қамтамасыз ету шараларын жүргізіп жатыр.
Алғашқы қоңырау соғылды. Бұл – жаңа оқу жылының басталғанын білдіретін әрі мыңдаған баланың арманына бастайтын қоңырау үні. Енді оқушыларды жаңа біліммен қатар жарқын жетістіктер күтіп тұр.