Негізгі Жаңалықтар Қазалылықтар жәрмеңкеге 100 тонна өнім әкелді

Қазалылықтар жәрмеңкеге 100 тонна өнім әкелді

#qyzylordatv 

Қызылорда қаласында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Ала жаздай дала еңбеккерлері күтіп баптаған өнім мен жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік өнімдері мен түрлі сусындар қала тұрғындарының несібесіне айналды. Бұл жолы қазалылық шаруалар жәрмеңкеге 100 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді. 


 Шұғыла мөлтек ауданындағы Ғани Мұратбаев пен Қожа Ахмет Яссауи көшелерінің қиылысы Қазалы ауданы еңбеккердерінің тұрақты мекеніне айналған. Жыл сайын мұнда күз маусымында жәрмеңке жиі ұйымдастырылады. Оған жақын маңдағы тұрғындар да үйреніскен. Берекелі күздің тоқшылық тойына аудан шаруалары 9 тонна күріш, 6 тонна сүт өнімдері, 10 тоннадан астам ет пен балық, 67 тонна, бақша өнімдері 9,5 тонна кондитер өнімдерін жеткізген. Тауарлардың бағасы нарық құнынан төмендетілген. 


 Жәрмеңкеге шұбат пен қымыз өнімдерін әкелген кәсіпкерлердің бірі - Мариям Әділова. Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны шаруашылықта түйе мен жылқы өсіреді. Болашақта кәсібін кеңейтіп, табиғи әрі таза өнімді облыс орталығында сату үшін арнайы орын ашуды жоспарлап отыр.  


Айта кетерлігі жәрмеңкеде облыстық тұрақтандыру қорының өнімдері де арзан бағада тұрғындарға ұсынылып келеді. Мәселен ұн, күріш, макарон өнімдері, картоп, жуа, сәбіз, жұмыртқа жәрмеңкеде нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағада сатылды. 


Бөлісу