Аймақ басшысының жұмыс сапары
#qyzylordatv
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды. Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарының тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы көпшіліктің пікірін тыңдап, инфрақұрылымды дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Тұрғындар көтерген мәселенің ең негізгісі – табиғи газ жеткізуге қатысты болды. Шіркейліге көгілдір отын жеткізу үшін биылға 400 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға 47,5 шақырым газ құбырын тарту және 4 газ реттеу пунктін орнату жоспарланған. Жоба толық іске асқан кезде 523 тұрғын үй табиғи газ пайдаланады. Ал Қоғалыкөл ауылын газдандыру жобасына 1,3 млрд теңге жоспарланса, биыл 320 млн теңге бөлініп отыр. Мұнда 40,2 шақырым газ құбырын жүргізу және 4 газ реттеу пунктін орнату көзделген. Нәтижесінде 410 үй көгілдір отынға қол жеткізеді. Ауданда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға 46 млрд 530 млн теңге инвестиция тартылып, 13 148 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да өсім бар.