Мұнайшылар еңбегі – ел игілігі
#qyzylordatv
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының ұжымы да «Құмкөл» кен орнын өнеркәсіптік игерудің 40 жылдығын атап өтті. Қызметкерлер мен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, әлеуметтік бастамалар іске асырылды.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының бүгінгі жетістігі – осы саладағы мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Иә, мұнай өндірісіндегі әр тамшының артында үлкен еңбек бар. Мұнда өндірістік қызмет те жыл өткен сайын дамып келеді. Жаңа технологиялар енгізіліп, құрал-жабдықтар жаңартылып, қауіпсіздік стандарттары жоғарылатылды.
Компания өндірісті дамытумен қатар, әлеуметтік жобаларға да демеушілік жасап келеді. Жылдар бойы «Атамекен» балалар ауылына қолдау көрсетіп, мекемемен тұрақты байланыс орнатқан. Сондықтан «ПетроҚазақстан» қызметкерлері мерейтойлық шараны балалармен кездесуден бастады. Балалар ауылына жаңа теледидар мен құны 1 миллион теңге болатын сертификатты сыйға тартты.
Ал «Атамекендегі» балалар қонақтарды өнерімен қуантып, спорт пен қолөнер саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ компания ұжымын мерейтойымен құттықтады.
АҚНҰР ЖҮСІПБЕКОВА – «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР АУЫЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Атамекен балалар ауылында бүгін үлкен мереке. Себебі балалары ауыл ашылғаннан бастап «Үшқоңыр» отбасының демеушілері ПетроҚазақстан компаниясы АҚ 40 жыл толуына орай балаларға келіп жай күйімен танысып, сыйлықтарын табыстауға келіп жатқан үлкен мерекелік шара болып жатыр.
Ал мерекелік шарада өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен мамандардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегі үшін құрмет көрсетілді. Иә, қара алтын өндіру – жауапкершілігі мол, күрделі жұмыс. Сондықтан саланың дамуына талай жылын арнаған мамандардың еңбегі елеулі.
ЖОЛАМАН МӘМБЕТОВ – МҰНАЙ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Мен 1981 жыл политиехникалық институтты бітіргеннен кейін Маңғышлаққа барып, Жаңаөзен деген қалада оператор болып жұмыс істедім де, одан кейін мастер болып еңбек еттім. Сол мастерліктен жоғарлап, технолог, аға инженер, зам начальник болып Қызылордаға келген жайым бар. 26 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Жалпы еңбек өтілім 31 жыл. Қазір Астанада тұрамын.
Ондаған жылдар бойы еңбегін елге арнаған тәжірибелі мамандардың орны қашан да ерекше. Бүгінде ұжым құрамында түрлі мамандық иелері бар. Өндіріс нысандарында әйелдер де еңбек етеді. Салтанатты шарада «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» Акционерлік қоғамы Басқара төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Екатерина Осипованың еңбегі ерекше аталды. Ол компанияның дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальмен марапатталды.
Бүгінде мұнай өндіруге қойылатын талап артып келеді. Атап айтсақ, қауіпсіздік, жұмыстың тиімділігі, заманауи технологияларды енгізу және жылдар бойғы тәжірибені сақтау – негізгі басымдықтың бірі.
ЧЭНЬ ДАЮ – «ПЕТРОҚАЗАҚСТАН ҚҰМКӨЛ РЕСОРСИЗ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ
«Құмкөлге» арнаған жылдарыңыз бен адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Акционерлерімізге, бүкіл ұжымға және әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Мұнай кен орындарындағы жұмыс жоғары кәсібилікті талап етеді. Сондай-ақ, өндірістің тиімділігімен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оңтайлы шешімін тауып, жылдар бойы қалыптасқан игілікті ұқыпты сақтау қажет. Біз бірлесіп тұрақты жұмысты қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салдық. Өндірістік міндеттерді орындаумен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, өңірді дамытуға да үлкен мән береміз.
Атап өту керек, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы 20-ға жуық мұнай кен орнында жұмыс жүргізуде. Қазір мұнда 1200-ден астам адам еңбек етеді.