Ұстаздар марапатталды
#qyzylordatv
Қызылорда ашық университеті мен жоғары көпсалалы колледжінде терең білімді ерең еңбекпен ұштастырып жүрген ұстаздардың құрметіне салтанатты шара болды. Мереке мезіретінде қос ұжымның оқытушылары марапат төрінен көрінді.
Өңірде заман сұранысына сай маман даярлауда қос оқу ордасының өзіндік орны бар. Мыңдаған шәкіртті шыңдаған шаңырақта сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, кадрлық әлеуеті жоғары. Профессор-оқытушылар студенттерге дәріс барысында заманауи білім беру технологияларын қолданады. Жастардың білім көкжиегін кеңейтіп жүрген жандарды Қызылорда ашық университетінің ректоры мерекемен құттықтап, ілтипат білдірді.
Салтанатты шарада шәкірт шамын жағып, ғылыми жетістіктерімен танылған бір топ ұстаз облыс және қала әкімдерінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, «Әділет» партиясының сый-сияпаты табысталды.
Марапат мінберінен көрінгендердің бірі –Ботакөз Бегімбаева. Білім саласындағы еңбек өтілі 40 жылға жуықтайды. Қазір жоғары көпсалалы колледжінде табысты жұмыс атқаруда.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерлі студенттер жанды дауыста ән шырқап, мың бұралған бишілер салтанатты кештің шырайын ашты.