Облыс әкімі әскери бөлімдерді аралады
#qyzylordatv
Ел Президентінің әскери басқару жүйесін жетілдіру, тәртіпті күшейту және сарбаздардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі тікелей тапсырмасына сәйкес, өңір әкімі жергілікті әскери бөлімдер мен гарнизондарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Әуелі облыс әкімі ҚР Қорғаныс министрлігінің 66597 әскери бөліміне барды. Мұндағы жабдықталу, әскери өмірдің барысын өз көзімен көрді.
Аталған министрлікке қарасты 99215 әскери бөлімінде инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Үш жылдық бюджет есебінен қаражат бөлінді, қазір ол сома толық игерілу үстінде.
Одан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ғимаратын, сонымен қатар, Ұлттық ұланның 65547 әскери бөлімін де аралап көрді
Аймақ басшысы жергілікті жерде орналасқан әскери бөлімдердің оқу-жаттығу базаларын, материалдық-техникалық жабдықталуын, ондағы техникалардың жай-күйін, асханаларын, экипировкаларын өз көзімен көрді. Айта кету керек, бұл шаралар Президенттің әскери басшылықты сынға алып, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруды міндеттеген жиынынан кейін қарқын алды. Бүгінде әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен әскери басшылықтың бірлескен іс-қимылдары пысықталуда.