Қариялар құрмет төрінде
#qyzylordatv
Бүгінде Шиелі ауданында 10 мыңнан аса ардагер бар. Ең қарты – 98 жаста. Халықаралық қарттар күніне орай аудан орталығында мерекелік жиын өтіп, әр салада қажырлы еңбек етіп, үлгілі ісімен өнеге болған аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Тілші бейнематериалдында толығырақ.
Қарты бар елдің қазынасы бар. Шиелі ауданында қазір 10 мың 35 ардагер тұрады. Олар елді ынтымаққа үндеп, тату тірлік тұтқасын ұстап тұр. Сонымен қатар, көргені көп ақылман ақсақалдар аудандағы көшелі істердің үнемі басы-қасында. Заманында өңірдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қарияларды қадірлеу – бүгінгі буынның басты парызы. Мерекелік жиында аудан әкімі қадірлі қарттардың қоғамдағы орнына тоқталып, ел үшін еткен еңбегіне алғысын білдірді.
АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ – АУДАН ӘКІМІ
Сіздер көрсеткен тағылымды жол маңдай термен еткен еңбектеріңіз біз үшін биік мектеп, сарқылмас қазына. Бүгінгі таңда сіздердің ақ баталарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз, жинақталға мол тәжірибелеріңіз біздің әрбір ісімізге бағдар болып, жаңаша бастамаларға күш-қуат, сенім беруде...
Мұнан соң аудан көлемінде ауыл-аймағына бас болып, төңірегіне тоқтам айтар ақсақал мен ақ жаулықты әжелерге облыс және аудан әкімінің алғыс хаты мен түрлі номинациялар табысталды.
Мерейлі мерекеде құрметке бөленгендердің бірі – Жақсылық Әлиев. Бидайкөл ауылының тұрғыны еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында есепші болып бастап, кейін агроном, ауыл әкімі болып қызмет атқарған.
ЖАҚСЫЛЫҚ ӘЛИЕВ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Қазақ қарты бар елдің қазынасы бар деп бекер айтпаған. Елдің жастары қашанда болсын бізді құрметтеп жүреді. Жасым 75 ке келседе әлі де болсын қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып тұрамын. Аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағын басқарамын. Жалпы айтқанда 43 жыл осы салада тер төктім десем болады.
Ал, 77 жастағы Қазима Смайлханқызы саналы ғұмырын ауыр техникаға арнаған. Кейуана жас кезінен трактордың рөліне отырып, ауылдың жерін жыртып, шөбін тасыған. Техниканың тілін жетік меңгерген қарт тракторшы көліктің қосалқы бөлшектері мен әрбірінің атқаратын қызметін әлі күнге дейін тайға таңба басқандай айтып береді.
ҚАЗИМА СМАЙЛХАНҚЫЗЫ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
1970 жылы қыз-келіншектер трактор рөліне отырсын деген бастама көтерілді. Соған байланысты мектепте оқып, жүргізуші куәлігін алғам соны пайдаланып көк Беларусь тракторына отырдым. Содан колхозға сол техникамен еңбек еттім. Кейін жем-шөп жөніндегі басқарма басшысының орынбасары болып, одан кейін қайтадан тракторге отырдым. Еткен еңбегімнің қазір жемісін жеп отырмын.
Мерекелік шара соңында аудан өнерпаздары ардагерлердің құрметіне әсем әндерді әуелетіп, күй күмбірімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.