Негізгі Жаңалықтар Ардагерлер жаңа нысандарды аралады

Ардагерлер жаңа нысандарды аралады

#qyzylordatv 

Халықаралық қарттар күніне орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қазыналы қариялар шаһарда бой көтеріп жатқан бірқатар әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралады. Құрылыс барысымен танысып, қаланың жаңарған келбетіне оң бағасын берді.


 Ардагерлер алғашқы аялдаған нысан – «Қызылорда арена» спорт кешені. Қариялар құрылыс алаңындағы жұмыс барысымен танысты. Халықаралық талаптарға сай кешенде 50 метрлік бассейн, футзал, баскетбол және волейбол залдары, сондай-ақ конференция залы болады. Нысан пайдалануға берілген соң кешенде халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Ардагерлер Президент саябағы маңында салынып жатқан тұрғын үйлерді көрді. Мұнда 9 қабатты 15 көппәтерлі үй бой көтеріп жатыр. Жоба толық жүзеге асқанда 945 пәтер пайдалануға беріледі.


 Ардагерлер Ботаникалық баққа да барды. Бақта Сыр өңірінің табиғи жағдайына бейімделген сирек өсімдіктердің бірнеше түрі өсірілуде. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус, алоэ, алып юкка, бамбук секілді өсімдіктер арнайы микроклимат жағдайында күтіп-бапталады. Заманауи суару жүйелері орнатылған. Аға буын жаңа нысандар қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, экологиялық мәдениет пен ішкі туризмді дамытуға серпін беретінін атап өтті.


 Сапар барысында қариялар Президент саябағын аралап, шаһардағы абаттандыру жұмыстарына куә болды. Елдің кешегісін көріп, бүгінін бағамдап отырған ардагерлер қаланың сәулеттік келбетінің жаңарып, демалыс орындарының көбейіп келе жатқанын оң бағалады.

Бөлісу