Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
#qyzylordatv
Бүгін Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, мұғалімдердің қоғамдағы рөліне айрықша тоқталды.
«Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Президент.
Өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді. Осы бағытта елімізде соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.