Батырлық пен кәсібилік
#qyzylordatv
«Адам өмірін ажалдан арашалау – абыройлы міндет». Бұл Арал ауданындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Кенжебек Кеңесовтің өмірлік қағидасы. Ол өзінің еңбек жолында табиғи өрттерді сөндіруге, тұрғын үй секторындағы және әлеуметтік нысандардағы жалынды ауыздықтауға қатысты. Соның ішінде ең қауіптісі - отқа оранған үйден алты бірдей газ балонын алып шығып, өз басын қатерге тігуі. Өз ісіне берілген, жауапкершілікті бірінші орынға қоятын, қызметіне адал бүгінгінің батырымен әріптесім Дәулет Сағит тілдесіп қайтты.
2025 жылдың жаз айы. Аудан орталығында орналасқан №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Аралқұм елді мекеніндегі тұрғын үйдің бірінен өрт шыққаны жайында шақырту түседі. Құтқарушылар дереу ауылға аттанады. Оқиға орнына уақытында жеткен өрт сөндірушілердің бірі абдырамай тез шешім қабылдап, ширақ қимылдап, үйдің ішіне кіреді. Ол Кенжебек еді. Үйде ешкім жоқ екеніне көз жеткізген ол ас үйге кіргенде алты бірдей газ балонның тұрғанын көріп, кері қайтпай, өз басын қатерге тігіп, сыртқа алып шығады.
КЕНЖЕБЕК КЕҢЕСОВ – АУДАНДЫҚ №3 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Енді біздің басты миссиямыз адамдарды құтқару ғой. Оқиға орнында болғанда газ балонды көре тұра сыртқа қайтып шығып кете алмадым. Одан бөлек, Арал ауданының өзінде түнгі үш жарымның кезінде шақырту түсіп, барған сәтте үй сырты толығымен жанып жатты. Барған кезде үйде үш газ балоны бар деді. Уақытында оны да алып шықтым. Оған жалпы бой үйреніп кетті. Жауапкерішілі жоғары, өзі қиын мамандық. Дегенмен қызметіміз болған соң барлығына дайынбыз.
Кенжебек Кеңесов сегіз жылдан бері өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет етіп келеді. Құтқарушы болу оның – жүрек қалауы. Ол №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде әріптестерімен бірге тәулігіне жаз мезгілінде 10-15, күн суықта 5-6 рет атқа қонады.
КЕНЖЕБЕК КЕҢЕСОВ – АУДАНДЫҚ №3 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Өрт сөндіруші болу бала күнгі арманым. Бала кезімде өзімнің қорам өртеніп, сол кезде өрт сөндірушілер келіп қорам мен үйімді аман алып қалды. Сол кезден бастап қызығушылығым ашылды. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, әрбір адамды өрттен аман алып қалу. Керек мүлкін эвакуациялау. Антқа адал қызмет етеміз.
«Ол табиғатынан салмақты, сабырлы»,-дейді әріптестері. Қиын сәтте көмек беретін адал дос. Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүретін нағыз өз ісінің маманы. Ұжымдастары Кенжебек Кеңесовті осы қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.
Қызметіне адал құтқарушы «ерлік жасадым» деп бір сәтке масаттанған емес. Өрт сөндіруші үшін ең маңыздысы – кез келген төтенше жағдайда адамдарды аман алып қалу. Нағыз батыр дерсің....