Қазақ күресінен республикалық турнир өтті
#qyzylordatv
Жаңақорған ауданында Еңбек және тыл ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Машбек Нәлібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай қазақ күресінен жастар арасындағы республикалық турнир өтті.
Еңбек ардагерінің атындағы ауылда жыл сайын қазақ күресінен турнир өткізіледі. Балуандар бәсекесі биыл да жалғасын тапты. Осымен 21-ші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің барлық аймағынан 250-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында жастар арасындағы әлем чемпиондары да бар. Республикалық турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Еңбек және тыл ардагері Машбек Сапарбайұлы – саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, Отанға қызмет етуді азаматтық парызы санаған абыз тұлға. Оның өмір жолы – табандылық пен қарапайымдылықтың, еңбекқорлық пен шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Мемлекеттің нығаюы мен елдің өркендеуі – әр кезеңде маңдай терімен қызмет еткен осындай біртуар азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Жас балуандарымыз болашақта биік белестерді бағындырып, қазақ күресінің абыройын асқақтатып, ел мерейін үстем етеді деп сенемін. Осы орайда, Сыр спортының серпінді дамуына ерекше үлес қосып жүрген Машбек Сапарбайұлының ұрпақтарына барша Сыр жұртшылығының, жеке Өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін.
Жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Машбек Нәлібаевтың қарапайымдылығы мен еңбекқорлығының арқасында халықтың зор құрметіне бөленгенін айтты. Сонымен қатар оның ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі жолы да ерекше аталып өтті.
Жарысқа қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. 55 және 60 салмақта қызылордалық спортшылар жеңімпаз атанса, 66, 72, 78 келіде Қарағанды және Жетісу облысы балуандарының мерейі үстем болды. Ауыр салмақта күрескен балуандар жарыстың көркін қыздыра түсті. 100 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен қызылордалық Сұлтан Бейбарыс Солтүстік Қазақстан облысының спортшысын айқын басымдықпен жеңіп, түйе палуан атанды.
Осылайша, жарыс жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен қаржылай сыйақы табысталды. Айта кетейік, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл турнир талай спортшының шыңдалып, әлемдік додаларға қатысуына жол ашқан.