Негізгі Жаңалықтар Халықаралық волонтерлер апталығы басталды

Халықаралық волонтерлер апталығы басталды

#qyzylordatv 

Республикадағы және көршілес елдердегі ерікті жастарды бір мақсатқа жұмылдарған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы басталды. Сыр еліндегі ауқымды шара аясында ерікті жастар экосенбіліктерге шығып, Арал теңізінің ұлтанына сексеуіл отырғызу шарасына қатысады.


 Қайырымдылық жасау, мұқтаж жанға көмектесу, бір қолым жасағанды екінші қолым көрмесін дейтін жомарттық – қазақы болмысқа тән қасиет. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді бабалар өсиеті. Бүгінде жақсылыққа жаны құштар жастар да игі істің бел ортасынан табылып жүр. Айталық Шиелідегі мектеп оқушылары қарт кісілердің үйіне барып, жағдайын біліп, кем-кетігін жөндеп, көмектесуді әдет қылған.


 АЗАМАТ ҚАЛИ – ШИЕЛІ АУДЫНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

2021 жылдан бері волонтерлік жұмыстармен айналысып келеміз. Өзім ұстаз болып жұмыс істеймін. Ауданымызда 80-ге тарта қарт кісі тұрады. Солардың үйіне кезектестіріп, оқушы, студенттерді аптасына 1 рет апарамыз. Оқушылар өзі сұранып, қосылуға тырысады. №252 Кафунов атындағы мектеп. Бізде 700 ге тарта оқушы бар. Соның әшінде 10-11 сынып роқушылары бірге қосылып жұмыс атқарамыз.


 Мемлекет басшысының ұсынысымен 2026 жыл БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан «Орнықты даму жолында халықаралық еріктілер жылы» деп жарияланды. Бастама еріктілер қозғалысын жаңа деңгейге көтеруге, қайырымдылық пен өзара көмек мәдениетін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді. Сыр елінде де қайырымдылық шарасынан қалыс қалмайын дейтін жандардың қатары қалың. Бүгінде аймақта 2 мыңға жуық ерікті мен 30-ға жуық волонтерлік топ қоғамдық жұмыстарға тұрақты түрде атсалысуда. 


 ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Бүгінгі басқосудың Қызылорда төрінде өтуі, апталықтың Грин Арал деп аталуы айрықша мәнге ие. Бұл атау қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, Арал өңірінің тағдырына жауапкершілік танытуға үндейтін бастама. Арал мәселесі еліміздің ғана емес, бүкіләлемнің назарын аударған мәселе. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, және экологиялық мәселереді шешуге үлес қосу ортақ міндет.


 Елдің шаруасына елеңдеп, ерікті түрде еңбек етіп жүрген жастар ауқымды шарада марапатталып, облыс әкімінің алғысына ие болды.


 Волонтерлік қызмет қоғамды біріктіретін, азаматтардың жауапкершілігін арттыратын және ізгі істерді кеңінен насихаттайтын маңызды қоғамдық күш. Бүгінде жақсылықтың жаршысы болғысы келетін жастар аз емес. Статистика бойынша, елімізде 5 жыл ішінде волонтерлер саны 6 есеге артқан. 


ТОҒЖАН ЗЕЙДЕНОВА – ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

 Еліміз үшін халықаралық жыл волонтерлік жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазақстанда волонтерлік жаңа деңгейге көтерілуде. ҚР жаңа Конституциясында волонтерлік конституциялық деңгейде бекітілді. 


 Бір қолдың саласындай бірігіп, берекелі іске білек сыбана кіріскен жастар көп арамызда. Тындырымды тірлік атқарып жүрген еріктілер форумда өз тәжірибесімен бөлісті. Айталық, кәсіпкер әрі блогер Жақсыбек Қабылбай тұрғындардың қоршаған ортаны тазалауына ұйытқы болып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, баспана мәселесінің шешілуіне үлес қосып жүр.


ЖАҚСЫБЕК ҚАБЫЛБАЙ – ВОЛОНТЕР

Тазалықтан басталған іс шарамыз бір айдың ішінде 25 қыркүйек күні Арыс қаласында өзіміздің алғашқы баспанамызды сыйға тарттық. Дәл қазір біздің асарымыз жүруде. 5 отбасына баспаналы еткен жайымыз бар еріктілермен бірге. Елге қызмет істейміз деген жайымыз бар. 


 Форумға Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және еліміздің әр аймағынан еріктілер қатысты. Олар бір апта бойы өңірде атқарылып жатқан волонтерлік жұмыстармен танысып, тәжірибе алмасатын болады. Сондай-ақ, Арал ауданына арнайы барып, теңіз ұлтанына сексеуіл көштеттерін отырғызып, экосенбілік ұйымдастырады.


Бөлісу