Бейбіт күннің батырлары
#qyzylordatv
Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Президент Үкімет алдына осындай міндет қойды. Кәсіби мерекеге орай Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар қызметінің мамандарын қабылдап, марапаттар табыстады. Мемлекет басшысы апаттың алдын алу үшін озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу маңызды екенін айтты. Сонымен қатар заманауи техникамен және қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұдан бөлек құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары деп атап, ерлігі мен еңбегіне жоғары баға берді.
Олар өртке оранған үйге кіреді. Тасқын суға қарсы жүзеді. Қираған ғимараттың астынан тіршілік бейнесін іздейді. Қауіппен бетпе-бет келіп, ажалмен арпалысады. Бұл құтқарушылардың күнделікті қызметі. Иә, ерлік әрдайым майдан даласында жасалмайды. Бейбіт күннің де өз батырлары бар.
240 мың. Соңғы бес жылда құтқарушылар осынша адамның өмірін құтқарып қалды. 75 мыңнан астам жедел шақыртуға шықты. Бұл сандардың артында аман қалған тағдырлар, ортаймаған отбасылар тұр. Ал әрбір құтқару операциясы кәсіби шеберлікпен қатар табандылықты талап етеді.
Қызыл жалынмен арпалысу Нұрсұлтан Жалғасовтың күнделікті жұмысы. Он жылға жуық қызметінде талай қауіпті жағдайды бастан өткерді. Адамдарды өрттен құтқарды. Газ баллондарын жалын арасынан алып шықты. Жуырда зауыттағы өртті өшіруге қатысып, үлкен апаттың алдын алуға атсалысты.
НҰРСҰЛТАН ЖАЛҒАСОВ – ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ № 6 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Бір сменде төрт-бес өрт болуы мүмкін. Барлығына дайын болуың керек. Бір өрттен келдім болды шықпаймын деген жоқ. Бес өрт болса бес өрт. Қону керек болса қонып жұмыс істейміз. Сондай да жағдайлар болды.