Негізгі Жаңалықтар Ең мықты мамандық бар құтқарушы деген

Ең мықты мамандық бар құтқарушы деген

#qyzylordatv 

Олар күнде су мен оттан, тас жолдағы апаттан адамдарды құтқарып жүрсе де өздерін батыр санамайды. Олар елге адал қызмет ету парызым деп бағалайды. Олар шын мәнінде бейбіт күннің қаһармандары. Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шарада осы салада еңбек етіп жүрген бір топ жерлестеріміздің мерейі үстем болды. 


 Құтқарушы үшін әрбір секунд маңызға ие. Мейлі ол өрт болып жатқан үйге енсін, мейлі ол дарияда суға батқан адамды іздесін, мейлі ол құдыққа түскен баланы алып шығуға ентелесін. Иә, бұл мамандықтың иесі үшін сағат емес, минут емес, секунд маңызға ие. Күнделікті үйінен шығып бара жатып бүгін оларды не күтіп тұрғанын болжай алмайды. Ақиқатын айтқанда, үйіне қашан оралатынын, тіпті аман оралатынын да білмейді. Бұл құр сөз емес, бір кездері алапат өртті сөндіру барысында қос құтқарушы Арман Төлеубаев пен Арғын Әшірбеков көз жұмды. Екеуі де жалындаған жас еді. Дариядағы су деңгейін бақылау барысында Қазбек Төреманов тікұшақтан құлап мерт болды. Олардың есімдері мәңгі ел есінде. Иә, құтқарушы деген кіл мықтылар меңгере алатын мамандық.


 Құтқарушы үшін тек тәннің шымырлығы ғана емес, кәсібилігі мол, жауапкершілігі зор, елжанды болуы басты қасиет. Өртеніп жатқан төбедегі бөрене де, тоқ та, газ да қауіп төндіретін тұстар, бастағы каска мен үстіңдегі киімге дейін балқитын кездер, ауа жетпей тұншыққан сәттер, өз өміріңді емес, өзгенің өмірі үшін күрескен күндер аз емес. Сондай ерліктің бір топ кейіпкерлері кәсіби мерекеде түрлі марапаттарға ие болды.


Өмір мен өлім арасындағы арпалысты басынан өткеретін сала өкілдерінің ерлігі том-том кітапқа сыймас еді. Жуырда ғана мұнай цистернасындағы өртті ауыздықтауға қатысқан Бақберген Камаловты әңгімеге тарттық


 Кәсіби мерекеде міндетін адал атқарып жүрген жерлестеріміз атап айтқанда, қаладағы №6 өрт сөндіру бөлдімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов «Ерлігі үшін» медалімен, «Оңталап» шаруа қожалығының директоры Әбдіхамит Аралбаев «ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өрт сөндіру бекетін салуға демеушілік көрсеткені үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақордада марапатталды. 

Бүгінде біраз адам барынша табысы көп мамандыққа бет бұратын тұста, адамды, олардың мал-мүлкін қорғау үшін өз өмірін қауіпке тігіп жүрген осы құтқарушылардың еңбегі әлбетте, ерен. 

Бөлісу