Тілші: Ыбырай Жақаевты Еңбек Ері атандырған алқап міне осы. Жаһандық рекорд жаңарған жерді кейіннен жұрт «Ыбырай түбегі» деп атап кеткен. Диқан ғұмыр бойына осы жерде дән септі. Егіс егіп оның күтімін жасады. Әбдіразақ Байниязов - Ы.Жақаев ауылының тұрғыны

ТІЛШІ: Енді өткенге сәл шегініс жасасақ. Ыбырай Жақаев 1891 жылы Шиелі ауданының Қызылту ауылында туған. Егін шаруашылығының шебері бірінші болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырды. Жақаевтың звеносы бекітілген күріш егісінің әр гектарынан орта есеппен 80-90 центнерден өнім, ал 1947 жылы тәжірибе телімінің әр гектарынан 171 центнерге дейін өнім алып, рекордтық көрсеткіш орнатты. Көзкөргендер Ыбекеңнің қарапайымдылығын ерекше еске алады.

Дайрабай Әлтаев – Ы.Жақаев ауылының тұрғыны

Тілші: «Екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың өндірген күріші жер шарын мекендеген барша халықты бір ай асырауға жетеді». Бұл Кеңес дәуіріндегі ұран. Десе де, мұның қоспасыз шындық екендігін даңқты диханның ізбасарлары айтудан жалыққан емес. «Ауылдағы бас көтерер, кетпен ұстауға жарамды жұмысшының бәрін жерді шеңгелден тазартуға салды. Жер жаратылғалы бері кетпен тимеген алқапқа күріш екті. Жерді кетпенмен аударып тегістеді. Дәнді қолмен септі. Осы жұмыстарды көзіміз көрді»,- дейді ауылдастары.

Төрехан Әшірханов – Ы.Жақаев ауылының тұрғыны

Тілші: Жақаевтың тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көңге бөктіру және тыңайтқышты егістікке енгізу секілді агротехникалық шаралары күрішшілер арасында кеңінен қолдау тапты. Бұл технологиялық әдістер «Жақаев агротехникасы» деп аталатын дейді ұлы Сейітбек ақсақал.

Сейітбек Жақай – Ы.Жақаевтың ұлы

Тілші: Ал, бұл Шиелі ауданының орталығындағы Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі. Музей қызметкері, даңқты диханның немересі Аягөз Жақаеваның мұражай төріндегі суретке әр күн сайын еріксіз көз түседі. Кеудесін мақтаныш кернеген ол  атасымен бірге түскен суреттің сырымен бөлісті.

Аягөз Жақаева – Ы.Жақаевтың немересі

Тілші: Даңғайыр дихан зейнет демалысына шығып, жасы ұлғайса да «жастарға өз тәжірибесін үйретуден шаршаған жоқ» дейді көнекөз қариялар. Бойына қасиет дарыған қазыналы қария өскелең ұрпақ өнеге аларлық өсиет те қалдыра білді. Басына бақ қонған еңбек адамының боямасыз болмысы осындай. Асқар Тәжиев, Ақан Әлиев