#qyzylordatv

Облыс орталығында Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында ел тұрақтылығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер марапатталды.

 Отанды қорғау, шекара күзетіп, ел аумағының тұтастығын сақтау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы абыройлы міндетті арқалап, жауапкершілік жүгін көтеріп жүрген сарбаздар - ел мақтанышы. Қазақстандық әскери қызметшілер Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген сала мамандарын мерекемен құттықтап, игі лебізін жеткізді.

 ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Еліміздің аумақтық тұтастығын сақтауда, ұлттық мүддесін қорғауда антына адал, сертіне берік айбынды әскеріміз өздеріне жүктелген қастерлі міндетін мүлтіксіз орындауда. Құқық қорғау органдары қоғамда заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар халқымыздың амандығы үшін аянбай тер төгуде. Мемлекет тарапынан әскерилерді, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлінген

 Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған мерекелік жиында бірқатар әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің майоры Ақсұлтан Жанатов «подполковник» шенін алса, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің капитаны Нұргүл Мырзалиеваға «майор» әскери шені табысталды. Мұнан бөлек, бірқатар сала үздіктері «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды.