#qyzylordatv

Қызылордада жасөспірім ұлдар және қыздар арасында баскетболдан республикалық турнир өтті. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының жүлдесіне арналған жарысқа Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің бес облысынан 20 команда, 250-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсеке биыл жиырма алтыншы мәрте жалауын желбіретті.

Өңірдегі ірі мұнай компаниясы - «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы әлеуметтік жобалар аясында бұқаралық спортқа да жіті көңіл бөліп келеді. Соның ішінде баскетболдан мектеп оқушылары арасындағы турнирді өткізу дәстүрге айналған. Алғашында қалалық және облыстық кезеңде өтсе, соңғы жылдары бұл жарыс республикалық деңгейге көтерілді.

Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен турнирдің басты жүлдесін биыл Ресей мен Өзбекстан Республикасынан және Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар, Қызылорда облыстарынан келген спортшылар сарапқа салды. Нәтижесінде, ұлдар арасында бірінші орынды Ақтөбе облысы командасы жеңіп алса, Павлодар екінші, ал Қызылорда құрамасы үшінші орынды иеленді.

 Ал, қыздар арасында қызылордалық бұрымдылар үздік ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды ақтөбелік қыздар иеленсе, үздік үштікті Павлодар құрамасы түйіндеді.

 Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер диплом және арнайы кубокпен марапатталды.