#qyzylordatv
Бүгін қаланың сол жағалауында 240 пәтерлік 6 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Жаңа баспана әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған. Қала әкімі Нұржан Ахатов жаңа тұрғын үй иелеріне пәтер кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады.
Баспаналы болғандардың бірі – Айдана Ниятова. Көпбалалы ананың үй кезегіне тұрғанына 15 жылға жуықтапты. Бүгін міне, көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп отыр.
АЙДАНА НИЯТОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Сізге үй беріледі дегенде ешқандай сенім болған жоқ. Себебі, үй кезегіне тұрғаныма 15 жыл уақыт өтіп кеткен. Сөйтіп, кілтімізді бір аптада табыстайтынын айтқанда қуанышымызда шек болған жоқ. Балаларымызға барлық жағдай жасалған. Үй кең әрі жарық. Мектеп пен балабақша жақын...
Бес қабатты алты үйдің бірінен пәтер алғандардың қатарында Гүлнұр Қазбекова да бар. Төрт баланың анасы көп жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жүріпті.
ГҮЛНҰР ҚАЗБЕКОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұған дейін пәтер жалдап, анда-мында көшіп жүрдік. Бүгін енді ерекше қуанып жатырмыз. Өз үйіміз бар. Оның үстіне сол жағалау қарқынды дамып келеді. Үйімізді көрдік. Жап-жарық.
Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген жаңа баспана әлеуметтік осал топ бойынша үй кезегінде тұрған азаматтарға иппотекалық бағытта берілді. 5 қабатты тұрғын үйлердің іші кең әрі жарық. Балаларға арналған ойын алаңы салынып, айнала көгалдандырылған. Салтанатты іс-шарада қала әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үй саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ
Жыл басынан бері 655 отбасына тұрғын үйдің кілті табыс етілді. Қоныс тойларын тойлады. Жыл соңына дейін әлі 1581 тұрғын үйді табыстайтын боламыз. Жалпы тұрғын үй саласына 58 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа жыл көлемінде 31 көпқабатты тұрғын үй салатын боламыз. Соның ішінде қаламызға көрік беретін 7-9 қабатты тұрғын үйлерді атап өтуіміз керек. Бүгін берілгелі отқан үйдің жобалық құны 4 млрд 500млн теңге. Жалпы көлемі 15 мың 600 шаршы метр.
Пәтер кілттерін табыстау рәсімінен соң тұрғын үйдің құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме қызметкерлерді алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, жыл соңына дейін тағы 1584 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталмақ.