#qyzylordatv
Сыр өңірінде Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты жиынға Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев және президиум мүшелері мен елімізге белгілі ғалымдар қатысып, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жаңадан қабылданған Конституцияда адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту - мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітілген болатын. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы осы мақсатта 2026-2031 жылдарға арналған ғылыми-инновациялық жүйені жаңғырту тұжырымдамасын әзірледі. Әрине, ел экономикасының дамуы ғылыммен тығыз байланысты. Дегенмен өңірлерде ғылымды қаржыландыру, жобаларды өндіріске енгізуде мәселе бар.
АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰҒА ПРЕЗИДЕНТІ
Ғылымның қаржысының жүйесін өзгерту керек. Біз қазіргідей ғылымның тек қана зерттеулерге қаражат бөлмей, олардың қорытындыларына қаражат бөлу керек. Яғни мемлекет бақылап отыру керек ғылымның әр кезеңін қалай жүріп жатқанын. Біздің ұсынысымыз қолданбалы ғылымды салалық министрліктермен әкімдер өздері басқару керек. ..
Ұлттық ғылым академиясы кореялық ғалымдармен бірлесіп цифрлық платформа дайындаған. Жаңа жүйе бойынша үкіметтен қаржыландырылған әрбір жобаның жүзеге асырылу барысы қатаң бақылауда болады.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өңірлік ғылымды дамыту, жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өңірде өткен жылы 300 млрд. теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба жүзеге асты. Ал, биыл 100 млрд. теңгенің 21 жобасы іске қосылатын болады. Сонымен қатар, ғылымды дамытуға соңғы үш жылда
4 млрд. теңгеге жуық қаражат бағытталған.
Ұлттық Ғылым академиясының көшпелі отырысында ғалымдар Қызылорда қаласын жер асты сулары есебінен суландыру, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды егу, мал шаруашылығына қажетті жоғары сапалы азық түрлерін дайындау сияқты тақырыптар төңірегінде сөз қозғап, өз ойларын ортаға салды.