#qyzylordatv

Еліміздің қарулы күштеріндегі конституцялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу барысындағы шараларды жіті бақылайтын құзырлы орган – әскери прокуратура. Отан қорғаушылар күні қарсаңында 5547 әскери бөлімінде сарбаздарға прокуролық кеңес берілді.

5547 Әскери бөлімі құрылғаннан бері жеті мыңға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Ал бүгінде қуатты құрылымда 1000-ға жуық жауынгер бар. Сайдың тасындай іріктелген сарбаздар сертке берік болу қажеттігін жақсы түсінеді. Үдеден шығу үшін әрқашан аянбай тер төгіп, ерлік көрсетуге әзір. Алайда, ішкі тәртіп болмаса, жауынгерлер сын сағатында сынып кетуі мүмкін. Сондықтан, сарбаздарға прокурорлық кеңес берілді. Гарнизондық жиында сөз алған әскери прокурор бұл жиынның мән-маңызына тоқталды.

 АЙДОС ҚАСЕНОВ – ҚЫЗЫЛОРДА ГАРНИЗОНЫНЫҢ ӘСКЕРИ ПРОКУРОРЫ

 ҚР Конституциясы біздің құқықтық негізіміз. Ал оны сақтау әр азаматтың қасиетті міндеті. Әсіресе әскери қызметте бұл талаптар ерекше маңызға ие. Себебі, тәртіп әскердің күші. Ал заңға бағыну жауынгердің абыройы. Құрметті сарбаздар сіздер ел қорғанысыздар. Сіздердің тәртіптеріңіз, жауапкершіліктеріңізбен отанға деген адалдықтарыңыз мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі.

Әскери прокурор мен ардагерлер Тәжік-Ауған шекарасындағы шайқаста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл қойды.

 Мұнан соң, әскери бөлімнің автомобильдік техника базасы таныстырылды.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әскер десе төбе шашы тік тұратындар көбейді. Себебі де түсінікті. Отан қорғаушылар арасында түрлі олқылықтар орын алуда. Ал, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қолға алынған прокурорлық кеңес сол тәртіпсіздікті ауыздықтауға көмектеседі дейді мамандар.

Тағылымды шара соңында әскери сала қызметкерлері мен жауынгерлерге Әскери прокурордың алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді.