Мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетұлының туғанына - 100 жыл. Осыған орай облыс орталығында ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Qyzylorda" телеарнасы.

Тәкей Есетовпен қызметтес болған ел ағалары алдымен қаладағы №264 мектептің алдындағы қоғам қайраткерінің бюсіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Онан соң шараға қатысушылар Тәкей Есетов атындағы білім ордасында жасақталған мұражаймен танысты.

Ал, «Тәкей Есетов: тағдыр мен тағылым» атты ғылыми-танымдық конференцияда ел үшін қызмет еткен ердің өнегелі өмірі сөз болды. Қайраткер тұлға еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілген.

НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ – ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ

"Тәкей Есетов ізгі істермен өшпес атақ қалдырған саналы ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнап, еліміздің соның ішінде Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан абыз азамат."