Негізгі Жаңалықтар Ұлттық өнер дәріптелген дода

Ұлттық өнер дәріптелген дода

#qyzylordatv 

«Тұғыры биік Тәуелсіздік». Осындай атаумен Сыр төрінде дәстүрлі өнерді дәріптеген керемет кеш өтті. «Бес асыл» жобасы аясында ұйымдастырылған сайыста Қызылорда мен Жетісу облысының таланттары топқа түсті. Табан астында тауып айтқан ақындар, көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер және күмбір күйдің көрігін қыздырған өнерпаздар сайысын тілшіміз тарқатады. 


 Айтыс, жыр, терме, дәстүрлі ән және күмбір күй. Міне бұлардың бәрі ұлттың болмысын танытатын қастерлі құндылық. Сондықтан өрелі өнер тең дәріптелгені жөн. «Бес асыл» жобасы осы мақсатта қолға алынған. Бұл жолы Сыр таланттарымен тайталасқа түсуге Жетісудың жүйріктері арнайы келді. Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған дода облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр.  


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

Алашқа ана болған Сыр өңірі – сөз киесі қонған, жырдан маржан төгілген қасиетті өлке. Осы дәстүрді бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Мұның айқын дәлелі – Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы. Мейірбек Сұлтанхан да «Алтын домбыраны» иемденіп, Сыр елінің айтыстағы дәстүр жалғастығын тағы бір мәрте танытты. Бұл сабақтастық жас талант Бексұлтан Орынбасаровтың «Күміс домбыра» иегері атануымен де айшықтала түсті...


 Дүбірлі додаға екі өңірдің таңдаулы өнерпаздары қатысты. Сыр таланттары белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұрдың жетекшілігімен сайысқа түссе, жетісулық жүйріктерді әйгілі Айтақын Бұлғақов бастап келіпті. Қос командада 4 айтыскер ақыннан бар. Сондай-ақ, бір-бірден жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйші де келген. Мұндағы басты мақсат, ұлттық өнер төрлерін баяғы болмысына оралту.


Сыр ақындарының бәрі сөзмерген. Үш мәрте «Алтын домбыра» иеленген Мұхтар Ниязовтан бастап, Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әмір, Бексұлтан Орынбасаровтар Жетісудың жас жүйріктеріне шеберлік сабағын өтті. Ақындар аламанында сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы секілді осы өнердің кенжелеп қалған жанрлары жаңғырды.


 Саф өнерді аңсап келген көрерменге ұлттық өнердің 5 түрі кезек-кезек ұсынылды. Жетісудың жезтаңдай әншілері тау жаңғыртқан кең тынысты талантымен ерекшеленсе, Сүлейлер сөзін сақтаған Сыр өнерпаздары жыршылық жолда үстем болды. Ал күй тартыста бақ сынаған қос жүйрік бірінен-бірі озды. Шертпе күйден басталған сайыс төкпе күйге ұласып, көрерменнің делебесін қоздырды.


 Командалық сайыста әр аталым бойынша кәсіби мамандар баға берді. Қазыларға қара қылды қақ жару оңай болған жоқ. Дегенмен, Жүрсін Ерман бастаған алқа топтың төрелігімен Қызылорда облысының өнерпаздары жеңімпаз атанды. Осылайша Сыр жүйріктері келесі кезеңге жолдама алып отыр. 

Бөлісу