Ғасырлар бойы сәнін де, мәнін де жоғалтпаған ұлттық бас киім – аналарымыздың ақ кимешегі. Қазіргі таңда кимешек кию қоғамнан алшақтап бара жатқандықтан Қармақшының әжелері оның қадыр-қасиетін жас келіндерге ұғындыруды жөн көрді. Анаға тағзым орталығындағы ашық есік күнінде, сондай-ақ, Бәдік айту дәстүрін жаңғыртып, сыйлы қонаққа табақ тарту жоралғысын көрсетті.

Сәні де, әні де әдемі әжелер. Зеремен зейіндес жандар – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сыр төріндегі тағылымды шарада сол ізгілік ізі жаңғыра түскендей. Анаға тағзым ете келген Қармақшының қыз-келіншектері ән-жырдан шашу шашып, шараның ажарын аша түсті. Асыл әжелер кезінде түрлі салада қажырлы қызмет етіп, адал еңбекпен шыңдалған. Солардың бірі, күріш баптап, қой баққан әрі механизатор Бибігүл Әбішева. 22 жыл трактор тізгіндеген еңбек ардагері тәрбиенің басы - еңбекте дейді.

БИБІГҮЛ ӘБІШЕВА - ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ, МЕХАНИЗАТОР

/Қазіргі жастарға айтарым, еңбектен қашпаңдар деймін. Басын бастап аяғын тастамаңдар деп айтамын. Табандылық керек, төзімділік керек.Жұмыстың оңайы жоқ. Мейлі мұғалім бол, мейлі дәрігер бол. Бәрінің жауапкершілігі бірдей./

Іс-шараға қатысушылардың арасында ұстаз, дәрігер, жырау да бар. Оларды біріктірген ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық ұстаным. Қармақшылық Бақытгүл Райымбаева ұлттық қолөнердің нағыз жанашыры. Мүгедектігі бар балаларды түкті кілем, ши тоқу ісіне баулып келеді. Қазір ол ана мен бала бейнесін кілемшеге түсіріп жатыр. Жаңа туындыны Анаға тағзым орталығына тарту етпек.

КИМЕШЕК КИЮ –АНА БОЛҒАННЫҢ БЕЛГІСІ

Ал, ардагер ұстаз Талмаш Жұмабаева шеберлік сабағында кимешектің пайдасы туралы айтып берді. Ең әдемі кимешекті жас келін босанған соң қырық күннен кейін киген дейді. Тазалық үшін ғана емес, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор.

Ақ жаулықты әжелердің айтуынша, қазақ халқының әрбір әрекеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие. Айталық, қыздың жиған жүгіне қарап, оның ұқыптылығын, жас келіннің ұйытқан айраны мен күбіге түскен майына қарап, ептілігін, тұрмысқа бейімділігін аңғаруға болады.

СНХ РЫСТАЙ ЖҰМАЕВА - ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

/Қазір біздің қыздар күбіні ұмытты ғой. Қазір жеңілге көшті. Электр машинаға піседі. Мысалы сүтті әуелі пісіреміз. Оны айран салып ұйытамыз. Ол қатық болады. Қатық болғаннан кейін күбіге салып . Күбінің, айранның дәмі бөлек болады./

Қазыналы қариялардың өскелең ұрпаққа қалдырар өнегесі көп. Тағылымды шарада қазақтың ғұрып фольклорындағы «Бәдік» айту арқылы қазір белең алған қызылша дертінен аластады.

Ашық есік күнінде дастарханға әр ұлттың дәмі қойылды. Түрлі бағытта секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Соның ішінде қазақтың табақ тарту дәстүрі Анаға тағзым орталығының бейнеқорына жазылып алынды. Кәдесінен жаңылмаған қонақжай халық үшін табақ жасаудың өзі үлкен мектеп. Кәрі жілікті не үшін босағаға іледі? Сыйлы қонаққа мал сойып, оның басын тарту салтының мән-мағынасы неде деген сауалдарға шеберлік сабағында жауап берілді.

Анаға тағзым орталығын ашудағы түпкі мақсат та осы. Қалтарыста қалып бара жатқан құндылықтарды жандандырып, ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Ал бесіктегіні баптаушы да, берекені сақтаушы да осы ақжарқын аналар екені белгілі.

ГҮЛЖАУҺАР РАЕВА – АУДАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

/Қай салада болмасын қызмет етіп жатқан аналарымыздың еңбекақысы көтерілсе де қуанып жатамыз. Оның бер жағында аналарға түрлі әлеуметтік қолдаулар болып жатыр. Көпбалалы аналарға, үй беру жағында бірінші кезекте аналарды қолдап жатыр. Мемлекет басшысының, аймақ басшысының осындай қамқорлығының арқасында мінеки бір қасиетті мекен дейміз, анаға тағзым орталығы ашылып, бұның өзін үлкен құрмет деп қабылдаймыз./

«Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», - деген ұлағатты тәмсіл бар. Бұл ретте Қармақшының ақ жаулықты аналары елдік бастамға үнемі үн қосып, құндылықтарды құнттауда үлгі көрсетіп келеді.