#qyzylordatv

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдар күні болып бекітілген. Осыған орай өңірде ерекше топтағы азаматтардың арасында облыстық спартакиада өтті. Айта кету керек, дәстүрлі дода осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жарысқа қатысушылар спорттың үш түрінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.

 Аймақта әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, облыстағы 33 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың 29 мыңы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Арбаға таңылған азаматтардың ғимараттарға кедергісіз кіріп шығу үшін бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір жаңалық, қаланың сол жағалауында Қазақстан халқына қоры арқылы құны 2,3 млрд теңге болатын спорт кешені бой көтеруде.

Мүгедектігі бар жандар қоғамның қай саласында болмасын белсенді. Олардың арасында мың бұралған биші, күміс көмей әнші, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар да бар. Мәселен, Марат Ағыбаев үстел теннисінен өткен республикалық жарыста жеңімпаз атанып, халықаралық турнирге жолдама алды. Осы спартакиадаға қатысушылардың арасынанда үздіктері анықталып, алдағы уақытта үлкен додаларда бақ сынайтын болады.

 Жарысқа қатысушылар дартс, допты себетке лақтыру және үстел теннисінен сынға түсті. Мергендік пен дәлдікті талап ететін дартс ойынында жаңақорғандық Күнсұлу Нәлібаева ең көп ұпай жинап, жарыс жеңімпазы атанды.

КҮНСҰЛУ НӘЛІБАЕВА, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ \өте керемет өтіп жатыр жарыс. Жылдың басынан бастап қосылып жатырмын осындай ортаға, шүкір жақсы. Үйде отырып қалмайсың, достармен араласасың, рухың көтеріледі...

Ал, допты себетке лақтыруда Қайыржан Жүсіповтің бәсі биік болды. Арал ауданынан келген қатысушы өзіне берілген бес мүмкіндіктің үшеуін ұтымды пайдаланып, жеңіс тұғырынан көрінді.

ҚАЙЫРЖАН ЖҮСІПОВ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ \себептке доп тастаудан бірінші орын алып жатырмыз. Мектептен кейін ұстамағанбыз допты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарым үйде жатпай осындай іс шараларға қатысу керек. Біраз жеңілдеп қалдым, өзіме күш қуат берді\

Шапшаңдық пен ептілік сыналатын үстел теннисінде шиелілік Ұлан Амангелдиев шеберлік көрсетті. Спортты жанына серік еткен қыз-жігіттер осылайша бәсекеде бағын сынап, ерекше ерік жігерімен көпке үлгі көрсетті. Айта кету керек, жарыс жеңімпаздарымен қатар спартакиада қатысушылары да естелік сыйлыққа ие болды.