#qyzylordatv
Ең қажет маман - талдау жасай білетін экономист маман. Себебі номиналды көрсеткішті атау бір бөлек те, экономикалық өсімнің неден құралатынын және оның себептерін сүзгіден өткізетін сарапшы болмайынша, толыққанды қаржылық ахуалды безбендеу қиын. Бүгін Үкімет отырысында 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші, республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бұл бағытта облыстың да экономикасына талдау жасалды, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Экономиканы номиналды түрде хабарлап беру бір бөлек те, оны талдап, қай салада қандай бәсең тұстар бар және неге көрсеткіштер төмендегенін талдау бір басқа. Құзырлы басқарма басшылығы тарапынан облыстың шаруашылығын шотқа салу барысында байқағанымыз, керек және қажет деген ескерме сөздер есепке тізіле берді, бірақ, аналитиканы аңғара алмадық
Аудандар мен қала бөлінісіндегі ахуал мен оны түзетудің жолдарын, кей көрсеткіштердің төмендеу себептерін негізге ала отырып, экономикалық жағдай таразыланбады
Бір түсініксіз тұсы, республикалық ведомство мен жергілікті басқарма есептерінде айырмашылық бар. Осы жерде неге деген заңды сұрақ туындайды
Облысқа тартылған инвестицияның игерілуі бойынша да есеп берушілердің жауаптары әр түрлі боп шықты. Одан бөлек, салалық анализ жағы ақсап тұрғаны да анық көрінді. Облыс әкімі бюджетті толық әрі уақытылы игеру, нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз ету керек. Жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертемін деді. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Базардағы баға қалтаны қағып барады. Халыққа тиімді болсын деп ашылған әлеуметтік дүкендердің жай-күйі қалай, осы бағытта «Байқоңыр» ӘКК-на бөлінген қаражат қалай жұмсалып жатыр? Тұрақтандыру қорындағы азықтың сапасы қандай? Бұл да арнайы талдауды қажет етеді.
Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, осы ретте коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, газ, су, электр желілері жұмысының тұрақтылығын, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылудың толық берілуін бақылауда ұстау қажет деп тапсырды аймақ басшысы.