#qyzylordatv
Қызылордада Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының жетінші отырысы өтті. Жиында мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және орналастырудың өзекті проблемалары және өңірлердегі университеттердің әлеуетін дамыту, білікті кадрларды даярлау мәселесі талқыланды. Болашақ университетінің базасында болған басқосуға еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта қатысты.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы Болашақ университетінде өткізілуі тегін емес. Себебі, өңірдегі іргелі білім ордасының құрылғанына биыл 30 жыл. Шараға жиналғандар алдымен университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты. Оқу орны заман талабына сай жабдықталған. Мәселен, студенттер қолданбалы жасанды интеллект зертханасында өздерінің жобаларын жасап, цифрлық технологияларды меңгереді. Ал, жаңадан ашылған «Болашақ клиникасы» халықаралық талаптарға сай келетін медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда студенттермен қатар қала тұрғындары да келіп, қажетті ем домын ала алады.
РАХМАН АЛШАНОВ, ҚР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ \Бұндай ғимарат еш жерде жоқ. Қазір талаптар күшейіп жатыр. Балалардың оқып жатқан дәрістерін көрдік, үлкен залды көрдік. Ондай 1200 адам сиятын ғимарат Қызылордада жоқ сияқты.Жемісті болсын дейміз, балаларға жақсы жағдай жасалып жатыр. Мына университет еліміздің болашағы, өңіріміздің дамуына мол үлес қосады дегенге сеніміміз мол\
Еліміздегі жоғары оқу орындарының алдына қойған басты мақсат – бәсекеге қабілетті, нарықта сұранысқа ие білімді де білікті мамандар даярлау. Ол үшін әрине білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, заман талабына сай жабдықтау керек. Осы ретте Болашақ университетінде жүзеге асырылып жатқан жобалар көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр.
АСҚАР НАМЕТОВ, ЖӘҢГІР ХАН АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН АГРАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ / Бұл университеттің де осы елімізге қосқан үлесі көп. Өзі бір жағынан 30 жылдық болған университет. Осыншама инфрақұрылымды салғанының өзі енді бәрімізді қуантады...\
Білімге салынған инвестиция – ең тиімді әрі қайтарымы мол инвестиция. Сондықтан жиында саланы қаржыландыру, мемлекеттік білім беру тапсырысының сапасы мен тиімділігін арттыру, білім мен ғылымды интеграциялау және инновацияны дамыту, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кадрлар даярлау мәселесі қаралды.
ГҮЛЗАТ КӨБЕНОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ / Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі-инклюзия. Қазір өкінішке орай, жылдан жылға көтеріліп келе жатыр.Әлемдегі тенденция солай.Сондықтан әр оқу орны оғанда дайын болуы керек. Білім беру бағдарламасын соғанда икемдеу керек, тағы да басты назар, бұл жерде мекемелермен тығыз жұмыс жасау керек.Әр сала бойынша.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының отырысында университет ректорлары күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша ұсыныс, пікірлерін айтты. Шара соңында Болашақ университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында профессор-оқытушыларға құрмет көрсетілді.