#qyzylordatv
Облыс орталығында ұлағатты ұстаздар еңбегі дәріптелген форум болды. Жиында жаңа заманғы білім беру үдерісі талқыланып, сан ғасырдан бері осы саланың жүгін көтеріп келе жатқан ұстаздар династияларына құрмет көрсетілді. Ұлағатқа ұйысқан шара турасында тілшіміз сабақтайды.
Қауысовтар жанұясын жұртшылық «Ұстаздар династиясы» деп таниды. Себебі, бұл әулетте жеті атадан жалғасқан үлгілі жол бар. Қазірдің өзінде осы отбасының онға жуық мүшесі білім саласында жемісті еңбек етіп келеді. Олардың қатарында қарапайым тәрбиешіден бастап, ізденістің ізінде жүрген ғалымдар бар.
Жиында мұғалімдік мамандықпен мерейі тасыған Медеуовтер жанұясына да құрмет көрсетілді. Шаңырақтың отағасы осы салада 40 жыл бойы табан аудармай еңбек етіпті. Бүгінде Райбек Медеуов бейнеттің зейнетін көріп отырған құрметті ұстаз.
Балаға білім беруді көздеген шын ұстаз тірліктің қалтарыс-бұлтарысына кетілмейді. Парасатты педагог материалдық игілікке тіпті бас қатырмасы анық. Жиында кезінде барлығы қат кезеңде еңбек еткен ұлғатты жандардың үлгілі ісі сөз болды. Шыны керек, қазір білім саласына қолдау өте зор. Енді аға буынның жолын жалғаған жас мамандар жауапкершілік жүгін сезіне білуі керек. Шарада айтылған түпкі ой осы.
Еркін форматтағы талқы алаңында жас мамандар ардагер ұстаздарға көкейдегі сауалдарын қойды. Мұнан соң саладағы өзекті мәселелер талқыланып, жемісті еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді.