Байқоңыр қаласында еліміздің білім стандарттарымен жұмыс істейтін бөбекжайлар саны артып келеді. Күні бүгін жұлдызды қалашықта бірден екі балабақша ашылып, ел игілігіне берілді.

Бүгінде Байқоңыр қаласында 16 балабақша бар. Оның үшеуі қазақстандық білім стандартына сәйкес келеді. Бүгін міне олардың қатары қайта жаңғыртылған тағы 2 балабақшамен толықты.

ҚАЙРАТ НҰРТАЙ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ БАЙҚОҢЫР КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

«ҚР стандартына сәйкес екі балабақша ашылып тұр. Бұл жерде бір балабақша мемлекеттік балабақша 240 бала. Екінші жеке балабақша бірақ мемлекеттік тапсырыс арқылы 120 бала тәрбиеленетін болады. Негізі Байқоңыр қаласында осы Ресей тарапында болған балабақшаларды қазір Қазақстан тарапына алып, Қазақстанның білім стандартына сәйкес оқытуға мүмкіншілік туып отыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын болады».

Осылайша жыл соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдардағы кезектілік мәселесі шешімін табады.

ҚАЙРАТ НҰРТАЙ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ БАЙҚОҢЫР КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Бұл соңғы жылдары алғаш рет істеліп жатқан жұмыстар. Биыл да тағы бір балабақша жылдың ортасында алып біздің ҚР стандартына сәйкес балаларға білім беру бойынша мүмкіндік туады. Сөйтіп кезекті жоямыз және әрі қарай осы жұмыстар жалғасын таба береді».

Күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған балабақшаларда бүлдіршіндердің тәрбиесі үшін толық жағдай жасалған. Мұнда бейнелеу өнері, ән-саз, би үйірмелерінен бөлек балақайлардың ой-өрісін дамытатын сабақтар да жүргізіледі.

АЙНҰР АЖИМОВА – БАЙҚОҢЫР ҚАЛАЛЫҚ №25 БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ

«Қазіргі таңда 7 топ жұмыс жасап жатыр. Барлығы қазақ тілінде, балалар толық. Сұраныс өте көп. Балабақшаны алдағы уақытта 240 орынға толтырамыз деп мақсат қойыа отырмыз. Балалардың келуі өте жақсы. Ата-аналар күнде таңертең балаларын қуана алып келеді».

ҚАЛЫМША АЛТЫНБАЙҚЫЗЫ – БАЙҚОҢЫР ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

«Бүгінгі күн өте қуанышты күн. Мемлекетіміздің мәртебесін көтеру мақсатында Байқоңыр қаласында екі қазақ балабақшасы ашылып жатыр. Бұрын бізде қазақ балабақшасы жоқ болатын. Қазір енді қуанышты жағдай қазақтың тілінің мәртебесін көтеру мақсатында жақсы ойластырылып жатқан іс-шара деп есептеймін».