Негізгі Жаңалықтар Кәсіпкерлердің өтініші қаралды

Кәсіпкерлердің өтініші қаралды

#qyzylordatv 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде кәсіпкерлерден келіп түскен екі өтініш қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды. 


 Бірінші мәселе – Арал қаласындағы жаңа мектеп ғимаратын пайдалануға қатысты болды. Яғни, жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен 300 орындық заманауи талаптарға сай мектеп салып, ел игілігіне беруге дайындаған. Алайда, былтырдан бері аталмыш нысан бос тұр. Салдарынан кәсіпкер несиелік міндеттемелерін өтеу кезінде қаржылық қиындықтарға тап болдым, дейді. Айтуынша, қазір мемлекеттік қаржыландыру мен субсидияға жүгінбей-ақ, балаларды ақылы негізде оқытуға дайын. Дегенмен, мектептің Ұлттық білім беру деректер қорынан оқулық тапшылығына байланысты лицензия алу мүмкін болмай отыр. Кеңес мүшелері заңдылыққа сай тексеру жүргізіп, жаңа ғимаратты өзге де әлеуметтік, мәдени немесе медициналық мақсаттарға тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынды.


 Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Байқоңыр қаласында кәсіпкерлік жобаны қаржыландыру. Ақай елді мекенінің тұрғыны Байқоңыр қаласындағы оқу орнынан шағын тігін цехын ашу мақсатында несие алу жөнінде өтініш білдірген. Алайда, кәсіпкердің өтінімі Байқоңыр қаласының әкімшілік-құқықтық мәртебесіне байланысты шешімін таппай отыр. Қолданыстағы тәртіп бойынша ауылдық округтер мен шағын қалалардағы жобалар ғана қаржыландырылады.


 Аталған мәселеге қатысты кеңес мүшелері «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына бағдарламаға бастамашы министрліктен аталған жағдайға қатысты ресми түсіндірме сұратуды ұсынды.


Бөлісу