ZHASTAR PRO: Жастармен жұмыстың жаңа
#qyzylordatv
Қызылорда қаласында облыстағы жастар ісі жөніндегі мамандарға арналған «ZHASTAR PRO: жастармен жұмыстың жаңа форматы» атты оқыту семинары басталды. Үш күнге жоспарланған жиынның алғашқы күні қоғамдық келісім, құқықтық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Сонымен қатар қатысушылар жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік пен инвестициялық жобаларды дамыту жолдарын талқылады.
Семинардың мақсаты – жастармен жұмыс жүргізу бағытындағы мамандардың кәсіби құзіреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу, салааралық байланысты нығайту және жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Іс-шара аясында Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы қоғамдық келісім, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мәселелері бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева қаржылық қауіпсіздік, құқықтық сауаттылық және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұнан бөлек, жастарды жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы сұраныс пен мемлекеттік қолдау шаралары сынды ақпараттар берілді. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарымен пікір алмасты.