Облыс әкімі студенттермен кездесті
#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық студенттер күніне орай өңір жастарымен жүздесіп, студенттерге лекция оқыды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде өткен жиынға білім бәйгелерінде жүлдегер атанып жүрген жастар арнайы қатысып, ғылыми жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Айзере Хикматуллаева су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің түйінін тарқатуды көздеген жас. Бүгінде ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жерді мелиорациялау, баптау және қорғау мамандығы бойынша білім алуда. Жас ғалым құр жүрмей қатарластарымен бірге стартап жобаны қолға алыпты. Бұл су тапшылығын шешуге бағытталған бірегей бастама.
Аймақ басшысы кең залда орналасқан студенттердің осындай жаңашыл жобаларын асықпай аралады. Стартап жобалар әралуан. Ауыл шаруашылығы саласынан бастап, ақылды қала, дұрыс кітап оқу мәдениет қалыптастыру секілді IT бағдарламалар бар. Олардың бірқатары өндірістің негізде жүзеге асырылып үлгерген. Әсіресе, шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық аясындағы жобалар жеміс беріп жатыр.
«Жаңа дәуір жастары: білім, жасампаздық, жауапкершілік». Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев студенттерге осындай тақырыпта лекция оқыды. Еркін форматтағы дәрісте аймақ басшысы сан саланы қамти отырып, жастарға студенттік шақтың бағасын ұғындырды. Кездесу барысында студенттер облыс әкіміне көкейлеріндегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасуға да мүмкіндік алды.
Лекцияда жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа мамандықтар және еңбек нарығындағы өзгерістер кеңінен қамтылды. Облыс әкімі жеке өміріне де ойысып, өмірлік жетістікке жету жолында оқыған кітаптары мен бала күнгі арманын да сөз етті. Бір сөзбен, бұл кездесу арман қуған жастардың жадында сақталары анық. Ал кездесу соңында білім-білігімен өңір көшін өрге сүйреген студенттер аймақ басшысының алғыс хатын иеленді.