Табандылық жеңіске жеткізеді
#qyzylordatv
Біздің келесі бейнематериалымыз әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген Сыр спортшысы Ислам Салимов жайлы болмақ. Талантты спортшы жуырда ғана Жапонияда өткен пара Азия ойындарында топ жарып, жүлдегер атанды. Бұл тынымсыз еңбек пен талмас талаптың арқасында келген жетістік, дейді кейіпкеріміз.
Жылдамдық пен ептілік, төзімді сынап, жігерді жанитын жаттығулар. Бұл Исламның дағдысына айналған дайындық. Жеңіл атлетиканың ұзындыққа секіру дисциплинасына машықтанған жерлесіміз Жапонияда өткен пара Азия ойындарында 6 жарым метрге секіріп, күміс медаль еншіледі.
ИСЛАМ САЛИМОВ – ПАРА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Жаттығулар әдетте азанғы уақытта өтеді. 3 сағатқа созылады. Дене қыздырамыз, керіліп-созыламыз, ұзақ, қысқа қашықтыққа жүгіреміз. Физикалық жаттығулар жасаймыз. Әр күні өзгеше дайындық болады. Бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сонысымен мені қызықтырды. 23 жыл осы спортта шеберілігімді шыңдап келемін. Бұл спорт адамды төзімділікке тәрбиелейді. Сергек етеді. Жүгіруге деген құмарлық та бар. Қызығы сол, алаңда мол мүмкіндігімді байқағанда өз-өзіммен жарысып та кетемін. Міне, жеңіл атлетика адамды биік асуларға жетелейді.
Спортта Исламның бағы жанды. Ал, үйде - өмірлік жары Эльмира. Ол да спорт шебері. World Masters Athletics Championships тұжырымдамасы бойынша жаһандық жарыстың қола жүлдегері. Спортта жолы тоғысқан жандар қазір жаттығуда да, жанұяда да бірге.
ИСЛАМ САЛИМОВ – ПАРА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
2025 жылы отау құрдым. Бұл менің спорттағы ең басты жетістігім. Жұбайым мені үнемі жігерлендіріп отырады. Соңына дейін күресуге күш береді. Жапонияда жарыс жолына шыққанда Эльмираның ерекше қолдауын сезіндім. Ұзындыққа секірмес бұрын 100 метр қашықтыққа жүгіріп, менің нәтижем ойдағыдай болмады. Сол сәтте салым суға кетті десем болады. Алайда, жарымның қолдауы мені қайрап, ақыры дегеніме жеттім.
Кейіпкерімізді алда ауқымды сайыстар күтіп тұр. Сондықтан, стадионда сағаттап дайындық жұмыстарын жасайды. Физикалық, тактикалық тұрғыда шыңдалады. Бұл тұста бапкерлердің де берері мол.
ИСЛАМ САЛИМОВ – ПАРА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Бапкермен байланысымыз берік. Бір ерекшелігі, ол менің жұмысыма сыни пікір айтып, мақтамайды да. Тек қолдау білдіреді. Бұған дейінгі Пара Азия ойындарының жүлдесін мен 16 жыл бұрын алыпын. Сол жетістігімді қайталаймын дегенше өз қолдауын аяған емес. Сенің қолыңнан келеді деп күш беріп отырады. Спортшы мен жаттықтырушы арасында осындай байланыс болу керек деп ойлаймын. Шәкіртіне сенім білдірсе сол үмітті ақтау үшін спортшы барын салатыны анық. Алда жарыстар көп. Дайындық та жоғары дәрежеде өтіп жатыр.
Ал мақсат айқын болса, табандылық жеңіске жеткізеді.