Негізгі Жаңалықтар Өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды

Өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды

#qyzylordatv 

Бүгін Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. Премьер-министр «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру отандық өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Жиынға селекторлық режим арқылы қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев мәжілісте өңірдегі өзекті мәселелерді саралады.


 Аймақ басшысы алдымен кадрлық өзгеріске тоқталды. Мәжілісте облыс бойынша фармация департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Ермекбаев Нұрсұлтан Әлімбайұлы таныстырылды. Еңбек жолын 2017 жылы Фармация комитеті облыс бойынша департаментінде бас маман ретінде бастап, басқа да лауазымдарда болған. 2026 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін департамент басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Жаңа басшыға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын, қауіпсіздігін бақылау тапсырылды. 

Өңірдің өңдеу өнеркәсібінде 10 айда 10,7 пайыздық өсім қалыптасқан. Облыс әкімі өңір экономикасын әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету қажеттігін айтты. Қала және аудан әкімдіктері, жоспарланған инвестициялық жобалардың мерзімінде, яғни жыл соңына дейін іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Мұнан бөлек, «Отандық тауар өндірушілердің, әсіресе жергілікті кәсіпорындардың сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту керек. Сатып алу кезінде отандық өнімдерге, оның ішінде өңірімізден шығатын өнімдерге басымдық берілуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Өңірде жұмыс істейтін қаржы институттарына облыс әкімі кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетуді тапсырды.


Бөлісу