Негізгі Жаңалықтар Білім алушыларға студенттік билет табысталды

Білім алушыларға студенттік билет табысталды

#qyzylordatv 

Серғазы Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде «Студенттік шақ – жалынды жастықтың жарқын кезеңі!» атты мерекелік іс-шара өтті. Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылған кеште мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түскен 83 білімгер студенттер қатарына салтанатты түрде қабылданды.


 Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі «жұлдызды қалашықтағы» Қазақстанның білім беру стандартымен білім беретін, заман талабына сай жабдықталған бірден-бір оқу орны. Қазіргі күні колледжде электромеханик, заңгер-кеңесші, радиоэлектроника, экономист-бухгалтер, туризм, құрылыс технигі, тігінші сияқты мамандық иелері даярланып жатыр. Атап өту керек, оқу процесінің 70 пайызы тәжірибеге бағытталған. Яғни, студенттер сабақтың басым бөлігін дуалдық оқыту жүйесі негізінде өндіріс орындары мен кәсіпорындарда өткізеді. 


 Байқоңыр қаласында колледж түлектеріне сұраныс жоғары. Мәселен, былтыр бітірген студенттердің 80 пайызы жұмыспен қамтылған. Биыл оқу орны тағы тоқсанға жуық жаспен толықты. Олардың 83-і мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түскен. 


 «Студенттік шақ – жалынды жастықтың жарқын кезеңі!» атты мерекелік іс-шарада колледж табалдырығын алғаш аттанған 1 курс білім алушыларына студенттік билет табысталды. 


 Жиынға колледжбен ынтымақтастықта жұмыс істейтін әлеуметтік серіктестер мен мектеп директорларының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарлары да қатысып, студенттерге сәттілік тіледі. 


 Шара соңында бірінші курс студенттері салтанатты түрде ант қабылдады және жоғары курс білім алушыларынан студенттік кілтті қабыл алды. 

Бөлісу