Кішкентай жүрек – үлкен үміт
#qyzylordatv
17 қараша - Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні. Облыстық перинаталдық орталықта осындай ерекше сәбилерге күтім жасауды меңгерген дәрігерлер мен отбасылардың басын қосқан жиын өтті. Биыл он айда өңірде 357 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген.
Перинаталдық орталықтағы мерекеге күлгін түс таңдалуы тегін емес. Бұл түс шала туған нәрестелердің халықаралық символына айналған. Үміт, жанашырлық және қолдауды білдіреді. Дәрігерлер үшін мұндай кездесулер бір кездері өмірі үшін күрескен сәбилермен қайта жүздесу мүмкіндігі болып отыр. Марал Әбжантаеваның отбасы бұл ғажайыпты 13 жыл күткен. Сарқылмас сенім мен үлкен үміттің өтеуі шаңыраққа егіз ұлды сыйлапты. Жүктіліктің ерте аптасында босанып, дәл осындай қорқынышты кішкентай Айяның анасы да басынан өткерген.
Орталықта жасанды желдету аппараттары, арнайы мониторлар, инкубаторлар жұмыс істейді, сәбилерге қажетті барлық жағдай жасалған. Ал уақытынан ерте дүниеге келген нәрестелер үшін қосылған салмақ пен әрбір тәуелсіз тыныс алу үлкен жетістік. Мерекенің ерекше сәті «тұсау кесер» рәсімі болды. Бір кездері дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, салмағы небәрі 800 грамм болып туған сәби алғашқы сенімді қадамын жасады.