Киіз Fest: Қой жүнінен жасалған 250 картина көрмеге қойылды
#qyzylordatv
Облыс орталығында ұлттық мәдениетімізді қайта жаңғыртқан «Киізден өрілген тарих» атты фестиваль өтті. Дәстүр дәріптелген шарада киізден жасалған қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, 250 картина ел назарына ұсынылды.
Қой жүнінен оюлап киіз басу, түрлі-түсті текемет жасау қазақта ежелден дамыған өнер. Ал бүгінде киізден жасалған этно киімдер трендке айналды. Мұндай туындылар сұлу, сәнді болуымен қатар жылы әрі жайлы. Фестивальде 36 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген шебер Роза Қоңыратбаева жібек шәліге меринос қойдың жүнінен ою-өрнек салудың технологиясын үйретті.
РОЗА ҚОҢЫРАТБАЕВА – №209 Ә.ӘБУТӘЛІПОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ
Шәліні басу үшін арнайы жібек матаны дайындап аламыз. Меринос қойдың жүнін алдын ала табиғи түске бояп аламыз. Өрнекті шәліге жабыстыру үшін дәкені қойып, сабынды көбікпен біріктіреміз. Бұл – бұрын киіз басқанда қолданылған технология.
Көрмеге облыс бойынша 60-тан астам шебер қатысып, ұлттық нақышта жасалған 250 картинаны таныстырды. Көз жауын алатын өнер туындылардың бәрі меринос қойдың жүнін бояу арқылы әзірленген.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Фестивальдегі ерекше туындының бірі – мына «Еркіндік» деп аталатын картина. Шебер Әсел Хасанова мұны бір айдың көлемінде дайындаған екен. Яғни сурет меринос қойдың жүнін түрлі түске бояу арқылы әзірленген. Картинада ұзатылып бара жатқан қыздың бейнесі жылы түстермен беріліпті.
ЖАДЫРА ЖОЛДЫБАЕВА – ЖАНҚОЖА БАТЫР АТЫНДАҒЫ №70 ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ
Бүгінгі басқосуымыздың мәні мен мағынасы ерекше деп білемін. Себебі қолөнер туындыларын жасап қана қоймай, ұлттық мұрамызды жаңғырту мақсатында бас қосып отырмыз. Жалпы қазақ халқы үшін жүн жай ғана тұрмыстық шикізат емес. Жүннен жасалған бұйымдар қазақ халқының шеберлігінің, жалпы дүниетанымы мен ұлттық мәдениетінің айнасы.
Жуырда Астанада өткен «Өнермен өрілген Қазақстан» және «Жүнмен жазылған тарих» атты шара аясында Сыр елінің қолөнершілері халықаралық деңгейде танылып, халықаралық рекордтар кітабына енді. Бүгінде ұлттық мәдениетімізді дамытумен қатар Сыр елінде өнер мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп жүрген шебердің бірі – Айзат Сұлтанқызы.
АЙЗАТ СҰЛТАНҚЫЗЫ – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Қазір әлемдік рекордқа еніп тұрмыз ҚР бойынша 750 сурет қойылып, Қызылорда облысынан ең көп дана, 250 дана сурет барылды. Қазір сол Астанада болған бұйымдарымыздаы Қызылордаға әкеліп, паш етіп жатырмыз. Бұл атадан балаға мұра болып келе жатқан өнеріміз.Ұрпаққа аманат етіп қалдыру мақсатында жасап жатқан жұмыстарымыз.
Киізден жасалған бұйымдар ерекше болуымен қатар, стильді көрінетін рас. Сондай-ақ денсаулыққа да пайдалы дейді мамандар. Шарада сән мен стильді үйлестірген дизайнерлер ұлттық нақыштағы киімдер топтамасын ұсынды.
АЙДЫН ҚАЙРУЛЛАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қойдан, түйеден жасалған өнімдер – мұғалімдер мен мектеп оқушыларының қолынан жасалған бұйымдары. 29 қазанда Астанада өткен рекордтар кітабына енген жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.Әрдайым өнерлеріңіз өрге жүзіп, қазақтың дәстүрін жаңғыртуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Жиында шеберлік пен әдемілікті ұштастырып, ұлттық құндылықты өнер арқылы жеткізген, он қолынан өнер тамған шеберлерге ерекше құрмет көрсетілді.
БАҚЫТГҮЛ САТЫБАЛДИЕВА – МҰҒАЛІМ
Он шақты картинамен жұмыс істеп, іс шараға қатысып жатырмын. «Абай» картинасын инемен қадау арқылы жасадым. Бұған шамамен бір апта уақыт кетті. Әр түсті үйлестіріп, Абай портретін жасау оңай болған жоқ. Ал басқа картиналарды илеу арқылы жасадым.
Ұлттық өнердің қай кезде де орны бөлек, бағасы жоғары. Осылайша көз майын тауысып, көркем туындыларды өмірге әкелген шеберлер фестивальде бас қосып, ел ерекше дүниелерді көру мүмкіндігіне ие болды.