Жас зерттеушілер мен чемпиондар – өңір мақтанышы
#qyzylordatv
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Олардың қатарында тың жобалар ұсынып, ғылым мен спортта биік белестерді бағындырған жастар бар. Мәселен, болашақ құрылысшы Балауса Мұсабек жергілікті шикізатты пайдаланып, ұзақ жылға төзімді тас төсенішін жасап шығарса, Асылхан Айсалбаев стенд атудан Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді.
Балауса Мұсабектің тың жобасы бүгінде тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізіле бастады. Жас зерттеуші әзірлеген тас төсеніштері қаланың Сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үйлердің аулаларына төселуде. Өнімнің құрамына Қызылорда жылу электр орталығынан алынған күл мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмы қосылған. Бұл тәсіл бір жағынан өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан дайын өнімнің беріктігі мен аязға төзімділігін арттырады, дейді жас ізденуші. Ал «Инженерлік жүйелер мен желілер» мамандығының 4-курс студенті Асылхан Айсалбаев спортта толағай табысқа жетіп жүр. Ол стенд атудан Азия чемпионатында әлемдік рекорд орнатып, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, жас спортшы халықаралық аренада ел мерейін үстем етті. Жетістікке жеткен студенттер Халықаралық студенттер күніне орай өз қатарластарын мерекемен құттықтап, білім мен ізденісте табыс тіледі.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 41,6 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 3 жоғары оқу орнында 20 мыңға жуық жас білім алса, 28 колледжде 21 мың 624 студент кәсіби мамандықтарды меңгеріп жатыр.