Негізгі Жаңалықтар 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылады

800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылады

#qyzylordatv 

Қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Аймақта бұл салалар бойынша бүгінде бірқатар жоба жүзеге асуда. Атаулы күн аясында әріптесіміз облыс орталығында бой көтерген 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысымен танысты. Нысан іске қосылған уақытта бірқатар жергілікті маман жұмыспен қамтылатын болады. 


 Желтоқсан айында іске қосылатын тауарлы сүт фермасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сүт фермасының аумағында 400 бас сиырға арналған 2 кешенмен қатар 400 жас малға және 165 бұзауға арналған қоралар, төлдету орны бар. Сондай-ақ, мал саууға арналған нысан да жұмыс істейтін болады. Ферма жұмысын бастаған кезде асыл тұқымды голштин сиырлары әкелінеді. Сүтті бағыттағы ірі қараның бұл түрі ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан фермада автоматтандырылған сауу жүйелері, мал ұстаудың заманауи технологиялары қолданылған. Айталық мына мал қасынатын құрылғы ірі қара жақындағанда өздігінен айналады. Ал күн қатты ысығанда желдеткіш қарқынын күшейтіп, су бүркісе, едендегі автоматтандырылған құрылғы қораны тазарту жұмысын атқарады. 


МАҚСАТ АБИБУЛЛАЕВ – «ҚЫЗЫЛОРДА ҚҰРЫЛЫС НК» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Алып келетін сиырларымыз Голштин асыл тұқымды сиырлары. Оны біз отандық шаруашылық, Қазақстан аумағынан әкелетін боламыз. 508 басына келісімшартқа отырып, қаржысын төлеп, тек осы құрылыстың аяқталуын күтіп отырмыз әкелуге. Орта есеппен күніне 20-25 тонна сүт өнімін аламыз деп ойлап отырмыз. Тиісінше айына 600-700 тонна, жылына 6 мың тоннадан астам отандық сапалы өнім аламыз.


 Ірі қараға арналған жем-шөпті шаруалар сырттан сатып алмайды. «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігі жүгері сүрлемі сияқты құнарлы мал азығын қамдап, жоңышқа, арпа, бидей, кебек сынды дақылдарды өсіруде.


 МАҚСАТ АБИБУЛЛАЕВ – «ҚЫЗЫЛОРДА ҚҰРЫЛЫС НК» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл жерде тәулігіне 1200 басқа дейін стыр саууға мүмкіндік беретін құра жабдықтар бар. Түркия елінен әкелінген. Тәулігіне 3 рет сауылатын болады. Бір келген кезде 48 сиырдан сауылады.


Атап өту керек, сүтті өңдеуге арналған цех құрылысы енді басталады. Сондықтан нысандағы өнім алғашында көрші облыстардағы сүт фермаларына жөнелтіледі. Ал өндіріс орны толықтай іске қосылғанда аймақты ғана емес, ел аумағын сүтпен қамти аламыз дейді мамандар.

Бөлісу