«Сыртану» кешенді авторлық жобасы жүзеге асуда
#qyzylordatv
Тасбөгет кентіндегі Нәлқожа Ергешбаев атындағы № 172 орта мектепте «Сыртану» кешенді авторлық жобасы жүзеге асуда. Мұндағы мақсат - туған өлкенің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, тарихи тұлғаларды оқушыларға тереңірек таныстырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, мәдени мұраны насихаттау.
«Сыртану» кешенді авторлық жобасы жеті бағыттан тұрады. Олар «Сыр Эко», «Сыр мәдениеті», «Сыр өнері», «Сыр батыр», «Сыр тұлға», «Сыр инжиниринг» және «Сыр астрономиясы». Әр бағыт бойынша оқушылардың таным көкжиегін кеңейту, шығармашылық және зерттеушілік қабібілетін дамытуға арналған іс-шаралар өткізілуде.
«Сыр инжиниринг» бағыты бойынша «Смарт Идея» бірінші мектепішілік инженерлік-техникалық байқау ұйымдастырылды. Жас өнертапқыштар ақылды мектеп, суды және энергияны үнемдеу, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстап, жасыл желекке бөлеу тақырыбында өздерінің жобаларын ұсынды. Мәселен, оныншы сынып оқушылары күн энергиясымен жүретін жылжымалы кітапхана автобустың макетін жасаған. Яғни, қоғамдық көлікке мінген жолаушылар кітап оқып, рухани азық алады.
«Смарт Идея» байқауында озық жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.