Негізгі Жаңалықтар Санитарлық сала мамандарына құрмет

Санитарлық сала мамандарына құрмет

#qyzylordatv 

Облыс орталығында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты кеш ұйымдастырылды. Шарада аталмыш саладағы оңды өзгерістер айтылып, үздік қызметкерлер марапат төрінен көрінді.     


 Жалпы, қазақ даласында санитарлық-бактериологиялық зертханалардың қалыптасқанына бір ғасырдан ауды. Осы салада біздің аймақтың өзінде 200-ге жуық маман еңбек етіп жүр. Дегенмен, жауапты сала қызметкерлерінің жекедара кәсіби мерекесі болған жоқ. Айшықты сәтті дәрігерлермен бірге тойлайтын. Ал, өткен жылдан бастап осы мәселе ескеріліп, ресми түрде эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің мерекесі бекіді. 


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Бүгінгі таңда аймақ тұрғындарының 99,4 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Соңғы 5 жылда микробиологиялық талаптарға сай келмейтін ауыз су сынамаларының үлесі 7,5 пайыздан 1,5 пайызға дейін, ал санитарлық-химиялық талаптар бойынша бұл көрсетуіш 10,6 пайыздан 4,7 пайызға дейін төмендеді


 Соңғы 5 жылда аймақта жұқпалы аурулардың 26 түрі бойынша сырқаттану деңгейі едәуір төмендеді. Бұл дер кезінде жүргізілген иммундау шараларының нәтижесі. Яғни қазір инфекциялық және паразиттік ауруларға республикалық бюджет есебінен екпе салынады. Бүгінде облыс бойынша 200-ден астам егу кабинеті жасақталса, шалғайда орналасқан елді мекендер үшін 50-ге жуық жылжымалы бригада жұмыс істейді. 


 ГҮЛМИРА СЫЗДЫҚОВА – ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ   

Халық денсаулығын қорғау – әрбір мемлекеттің міндеті. Әрбір статистикалық көрсеткіштің артында өз ісіне берілген мамандардың орасан зор еңбегі жатыр. Қазіргі таңда бұл қызмет саласы белсенді даму үстінде..


Шыны керек, көзге көрінбейтін індетті көріп отыру оңай шаруа емес. Бұған пандемия кезінде әбден көз жетті. Сала мамандары вирусты ауыздықтау жолында уақытпен санасқан жоқ. Себебі, әр маманның әрекеті маңызды еді. Кәсіби білік пен технология тілін қатар меңгерген ақ халаттылардың арқасында күрмеулі сәтті еңсердік. Бұл мереке сол көрінбейтін жаумен күрескерлерге құрмет нышаны. 


  Міндет өзгерген сайын мүмкіндік те артады. Бүгінде санитариялық салада сандық жүйедегі құрылғылар қоланылады. Мерекелік кеште сол технология тілін кәсіби білікпен ұштап жүрген жандардың бәріне құрмет көрсетіліп, өңір өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. 

Бөлісу