Поэзия гладиаторы: Шәкизада Әбдікәрімов 70 жаста
#qyzylordatv
Қызылордада ақын, жазушы, тележурналист Шәкизада Әбдікәрімовтің 70 жылдық мерейтойына орай «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті. Жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құрмет көрсетіп, қаламгерге су жаңа автокөлік тарту етті.
Селдей соққан өткір өлеңдерімен сезім пернесін дөп басқан ақынның өлеңдері орыс, қырғыз, татар, моңғол, түрік тілдеріне аударылған. Өлең өлкесінде өткірлігімен, өршілдігімен өз биігіне шыққан қаламгердің шығармашылығы бір бағытпен шектелмейді. Сан алуан тақырыпты қаузап ой тербейді, көркем кесте түзеді, сөзге сәуле құяды. Оқырмандар арқалы ақынды осылайша таниды. Шәкизада Әбдікәрімов 1990 жылдары Байқоңыр қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Сол жерде ғарыш айлағындағы тұңғыш қазақтілді басылым «Ақжол» газетін құрды. Кейін оның тікелей араласуымен «Қоғам ТВ» құрылды..
Поэзия гладиаторының отты жырлары жырақтағы жұртқа да жақсы таныс. Ақынның шығармалары бірнеше тілге аударылып, өлеңдеріне ән де жазылған. Мерейтойлық кеште автордың өзі жыр оқып, әндер де орындалды. Шығармашылық иесін құттықтауға еліміздің әр өңірімен қатар көршілес қырғыз елінің ақындары, достары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Ақынның әдебиетке, мәдениетке, журналистикаға қосқан үлесі ерекше айтылды.
Мерейтой иесіне Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы жетті. Сондай-ақ Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен «Аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді. Дәстүр бойынша иығына шапан жабылып, сыйлыққа автокөлік кілті берілді.
Ақынның мерейтойы парасатты поэзия кешіне ұласты. Бүгінде Сыр өңірінде маржан сөздің мәйегін терген шайыр Шәкизаданың ізбасарлары, жас авторлар да дараланып келеді. Шынындаа өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар өршіл ақын оқырман қауымның әлдеқашан бағасын алып қойған. Шәкизада Әбдікәрімов үшін 70 жас мерейтой атқарған істің қорытындысы, емес, оқырмандарымен кезекті кездесу болды.