Сатираны сауыт қылған қаламгер
#qyzylordatv
Биыл белгілі сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қазыбек Әшірбекұлының туғанына – 80 жыл. Осыған орай облыс орталығында еске алу шарасы ұйымдастырылып, сын садағын сатирамен ұштаған қаламгердің еңбегі дәріптелді.
Қоғам шындығын бәз қалпында жеткізетіндер жетерлік. Ал оған сатиралық сауыт кигізіп, салмақтай түсетіндер көп емес. Қазыбек Әшірбекұлы осы санат өкілі еді. Ол ширек ғасыр бойы ішкі істер саласында еңбек етсе де, қатып қалған жүйемен жүрген жоқ. Қайта өз саласындағы өзекті мәселелерден бастап, тұтас қоғамның тұрпайы тұсын астарлы әзілмен шебер жеткізе білді.
НҰРЛАН КӨБЕГЕНҰЛЫ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ӘЛІМСАҚ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
Ол бай рухани мұра қалдырды. Оның поэзиялық туындылары, әсіресе сатиралық шығармалары қазақ сатирасында ерекше орын алады. Оның шығармашылық қолтаңбасы өмір бойы шындықтың жағымсыз тұстарын сынап, сол кемшіліктерді түзетуқажеттілігіне назар аударуға ұмтылуымен ерекшеленеді/
Расымен, Қазыбек Әшірбекұлы кәсіби жолда қоғам тыныштығын сақтауға сүбелі үлес қосса, былайғы борышы шырақты шығармашылықпен астасып жатты. Тіпті, зейнеткерлік шақта да зейіні мен пейілін елдік мұратқа төсеп, еңбек ете білген. Оның сатиралық туындылары республикалық басылымдардың мазмұнын байытты. Еске алу кешінде Сыр перзентінің осы қайраткерлік қалпы айтылып, оның адами болмысы кеңінен сөз болды.
АҚСӘУЛЕ ЫСҚАҚОВА – Қ. ӘШІРБЕКҰЛЫНЫҢ ӘПКЕСІ
Мен ағамның бұл өмірде өз орнын тауып, абыроймен өткеніне сенімдімін. Сатирик ретінде ол әрқашан әділдік пен шындықты жақтады. Мен ағамды мақтан тұтамын. Біз бірге өстік, арамызда өте жылы әрі жақын бауырластық байланыс болды. Ол мәңгілікке жүрегімізде сақталады
Шығармашылық иесінің көзі кеткенімен, сөзі кеткен жоқ. Себебі оның «Күлкі керуен», «Жебе», «Ұрт пен жұрт» секілді жинақтары әлі күнге дейін ойлы оқырманның олжасына айналып келеді. Қағілез қаламгер көз майын тауысып жазған шығармаларымен біршама байқаудың төбе жүлдесін де иеленген. Бірақ оның өлшеулі өмірден алған ең үлкен жүлдесі осылай шынайы еске алатын замандастарының болуы.